Келесі жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы Шымкент қаласы болып бекітілді

Биыл бұл мәртебелі атақты абыроймен атқарған Беларусь Республикасының Брест қаласы Шымкент қаласына эстафетаны ресми түрде табыс етті, деп хабарлайды zakon.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Достық пен өзара ынтымақтастықты өрістеткен жиынға еліміздің үшінші мегаполисінен делегацияны Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай бастап барды. Шара аясында ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының отырысы өттті. Онда достастықтың мәдени астанасы ретінде атқарылған жұмыстар сараланып, оның қорытындысы талқыланды.

Салтанатты шара Брест қалалық атқарушы комитеті төрағасының делегаттарды арнайы қабылдауымен аяқталды.


Айта кетейік, Шымкент қаласы мәдени астана жылына үлкен дайындық жасауда. Бір жыл бойына 30-ға жуық негізгі шаралар өтеді деп жоспарланған. Оның ішінде түрлі көрмелер мен фестивалдер, өнер жұлдыздарының концерттері мен ұлттық танымдық кештер және ТМД елдерінің цирк шеберлерінің қойылымдары өтеді. Ал "Шымкент-Достастықтың мәдени астанасы" іс-шарасының ашылу рәсімі 2020 жылдың 3 сәуіріне белгіленген.