Келімбетовпен кездестіруді талап еткен наразы топ Ұлттық банкке басып кірді

Бүгінгі Ұлттық банктің жұмысы дәл осылай басталды. «Девальвацияға қарсымыз» деп бір топ жанның есік алдында бас көтере келуімен. Қайрат Келімбетовке барлығының өкпесі қара қазандай. 

-  Келімбетовтың девальвация болмайды дегені өтірік болып шықты. Сөзінде тұрған жоқ.

-  Келімбетов, шық! Келімбетов , шық!

Ақыры талабы орындалмаған соң, жұрт Ұлттық банктің күзетінен өтіп, ішке бір-ақ кірді. Ал Келімбетовтың өзі осы уақытта Астанада жүрген еді. Бас банкир бас қалаға мән-жайды тағы бір мәрте түсіндіруге барған. Бір қызығы, кеңсесінде керіс болып жатқанын білсе де, Ұлттық банк төрағасының көңілі көтеріңкі. Тіпті «ғаламтордағы түрлі келемеждер рейтингімді өсірді» деп те мәз өзі. Тек мұнда да оның айтары кешегідей оптимизмге толы.

Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы :

-Арандатушылар екінші девальвация болады деп дүрліктіріп жатыр. Айырбастау орындары да доллар бағасын кеше 215 теңгеге дейін апарды. Сабыр сақтаңыздар, ешқандай құлдырау енді болмайды. Ал интернеттегі суреттерге келер болсақ, еш ренжімеймін. Қайта керісінше, кешегі күнге дейін дәл бұлай танымал болмаған едім.  

Бірақ бас банкир сөзіне өңір-өңірдегі орын алып жатқан жағдай кереғар. Мәселен, сырттан тауар жеткізушілер көтерме баға құнының көтеріп үлгерген. Сондықтан бүгін сауда орындарындағы бағаны көруге Үкімет басшысының өзі бастап шықты.  


Серік Ахметов, ҚР премьер-министрі:

- Директор  сіз бе?

- Неге курс әртүрлі.

- Үш жерге кірдім. Кей жерде 1 доллар 162-164, ал басқа жерде 182-186. Неге бұлай? Ұлттық банк төрағасына сізді қызметтен алуды сұрайтын боламын.

- Жоқ, кешірңізші.

- Менен несін кешірім сұрайсың?

- Кешірімді халықтан сұра.

Ал девальвацияға қаржы саласының өкілдері, «жалпы дұрыс» деп баға бергенімен, теңгеге тәуелді халықтың ұтары жоқ екенін айтады.    

Ораз Жандосов, экономист:

-Бұл шикізат пен мұнай, металл өнімдерін экспорттаушы секторларға тиімді. Биржадағы табысы теңгеге шаққанда анағұрлым өсе түседі. бюджетке де түсім артады. Ал бұдан кім ұтылады десек, әрине, тұтынушылар.

-Сонымен, бас банкир теңгенің  екінші мәрте құлдырамайтынына  сендіріп отыр. Дегенмен Келімбетовке жұрт қазір сенуден қалған сыңайлы. Бүгін де Ұлттық банк алдында наразылықтарын білдірген топ оның отставкаға кетуін талап етті.