"Келінжанды" түсіруімізге Ананди кінәлі - Гүлнұр Мамасарипова

Осы ретте жобаның бас продюсері Гүлнұр Мамасарипова мен сериалда Күлімхан апаның рөлін сомдаған актриса Лейло Бекназар телехикая, ене мен келін тақырыбы аясында сұхбат берді.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар" арнасының "Айнаline" жобасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамасарипованың айтуынша, аталған туындыны түсіруге кезінде бірнеше жылға созылған үндінің "Келін" телехикаясы себеп болыпты.

"Келінжанды" түсіргенімізге Ананди кінәлі. Бір кездері бар қазақ жабылып, үндінің бітпейтін сериалын көрді. Сол кезде қандай да бір қатты сюжеті жоқ, жарқ-жұрқ еткен сериал неге қазақтың аудиториясына сонша жақын болды екен деп ойладым. Кейін келін тақырыбы шығар деп түсіндім. Біз неге өзіміздің қазақтың келінін көрсетпейміз деген ойдан туындады", - деп ағынан жарылды продюсер.

Мамасарипова идеясын қағазға түсіргенімен, басшылық тарапынан бірден мақұлданбапты. Қазақтың келіні туралы сериал түсіру идеясы екі жыл сөреде жатып қалған.

"Ол кезде "Келинка тоже человек", "Сабинка келинка" деген сынды коммерциялық жобалар шығып кетті. Бұл басқа, қазақтың келіні, қазақтың өмірі, отбасы деп түсіндірдім. Оның енесі, абысындары, көрші-қолаңы, ауылдың атмосферасы болмай ма? Екі жылдан кейін бекітті", - дейді Мамасарипова.

Бұған дейінгі маусымдарда телехикая 15-20 серияға созылса, бұл жолы көрерменді 40 сериямен қуантпақ. Ал сериалда дана ененің рөлін сомдаған Лейло Бекназар нағыз қазақтың анасын көрсетуге тырысқанын атап өтті.


"Теледидардан аналардың, апалардың, енелердің образын ұрысқақ, жалмаңдап қалған етіп көрсетіп кетті. Қазақтың анасы дана, ақылды, мейірімді ғой. Гүлнұрмен ақылдаса келе, осылай бердік", - дейді актриса.

Лейло Бекназар өмірде келініне қатал еместігін айтты. Алғаш табалдырығын аттағанда оны қалай тәрбиелегенін түсіндірді.

"Менің анам: "Келінге келін болсаң ғана жағасың", - деп айтатын. Мысалы, сен біреудің отбасына барасың, өзіңнің ата-анаң бар. Мен мысалға, Асылымды ("Келінжан" сериалындағы кейіпкер, үйдің кіші келіні) алайын. Ол біреудің мәпелеп өсірген қызы. Ол менің ұлымды жақсы көреді, сүйеді. Мен ұлым сүйген келіншекті қалай жек көремін? Бірақ өз үйіміздегі салт-дәстүрге үйретуім керек. Ол үшін: "Айналайын, менің балам мынаны жақсы көреді. Таңертең былай киініп, мынаны жегенді жақсы көреді", - деп сен оны өзіңе тартуың керек. Мен келінді алты ай солай ұстадым, содан кейін "бара ғой, айналайын" деп жібердім", - дейді Лейло Бекназар.