Кемеровода бильярдтың «Құрастырмалы пирамида» түрінен әлем чемпионаты өтеді

Қазіргі таңда оны ұйымдастырушыларға тек Украина құрамасы ғана өз құрамын жариялап отыр. Олар донецкілік спорт шебері Александр Бедёвка мен спорт шеберлігінен үміткер Павел Родионов, николаевтік спорт шеберлігінен үміткер Дмитрий Белозеров, харьковтік еңбек сіңірген спорт шебері Александр Паламарь мен черновцылық халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ярослав Тарновецкий. Ярослав былтыр Ханты-Манси қаласында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанса, А.Паламарь 6-шы, Д.Белозеров 9-шы, П. Радионов 14-ші, А. Бедёвка 18-ші орынға табан тіреген еді.

Жеребесі 5 ақпан күні тартылатын бұл додаға қатысатын қазақстандық тастаяқшылардың есімі ертең белгілі болуы мүмкін. Биылғы Әлем чемпионатына Белорус, Қазақстан, Ресей, Украина елдері бес-бестен, Қырғызстан - 4, Әзірбайжан, Молдова, Финляндия үш-үштен, Армения, Грузия, Латвия, Литва, Өзбекстан, Германия екі-екіден, Түрікменстан, Эстония, Израиль, Чехия, Сербия, Ұлыбритания, АҚШ, Польша, Словения, Болгария, Италия, Голландия, Бельгия, Қытай, Ауғанстан бір-бірден спортшы қатыстыра алады. Бұған қосымша жарысты ұйымдастырушы ретінде Ресейдің 3 спортшысы мен өткен жылғы Әлем чемпионы квотадан тыс қатысуға мүмкіндігі бар. Жүлде қоры 50 мың АҚШ долларын құрайтын бұл бәсекеде бірінші орынға 10 мың, екінші орынға 7 мың, үшінші орынға 2 адамға 3500 доллардан жүлде беріледі. Сондай-ақ 5-8 орын алғандар - 1500, 9-13 орын алғандар - 1 000, 17-32 орын алғандар - 750 доллар сыйақы алады.