Бұл туралы 11 сәуірде ОКҚ-да өткен брифинг барысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап
"Бес су қоймасының құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Жаңа су қоймалары суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 елдімекенді су басу қаупін азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, еліміздегі жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасына реконструкция жасалады. Бұл 70 мың адам тұратын 64 елдімекенді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ 74 мың гектар суармалы жерге су беруді жақсартуға мүмкіндік береді", - деді ол.
Оның айтуынша, су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұжырымдамаға су тасқынының алдын алу және еріген қар суын жинап, оны одан әрі ауыл шаруашылығында және басқа да мақсаттарға пайдалану жөнінде іс-шаралар енгізіледі.
Сондай-ақ ол су қоймаларындағы қазіргі жағдайға да кеңінен тоқтала кетті:
Еліміздегі барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік және сағат сайын мониторинг жалғасып жатыр.
Сондай-ақ, министрлік мамандары тасқын суын апатсыз өткізу және оны жинау жұмыстарын қадағалау үшін өңірлерде жүргенін айта кету керек.
"Мысалы, "Қазсушар" басшылығы Атырау облысының су шаруашылығы құрылыстарын Жайық өзені арқылы келетін үлкен көлемдегі суды өткізуге дайындауға атсалысып жатыр", - деді ол.