Қорғаныс министрлігі Кенесары ханның соғыс жүргізу тәсілдерін талдап, зерделеумен айналысып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұған дейін әскери сарапшылар «Кенесары – қазақ армиясының символы болуы тиіс» деп бас көтерген еді. Министрлік одан бөлек, Сағадат Нұрмахамбетов пен Бауыржан Момышұлының ерлігін, ерекше қабілетін үлгі ретінде қарауға көшкен.
Бұл туралы Мәжілістегі кулуарда Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев мәлімдеді.
“Мен Кенесары ханның өмірі мен әскери тактикасымен жақсы таныспын. Қазіргі таңда оның соғыс жүргізу әдістерін зерттеудеміз. Алайда әр сарапшының бұл мәселе бойынша өз көзқарасы бар. Кенесары қазақ армиясының символына айнала ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді. Сонымен қатар Сағадат Нұрмахамбетов пен Бауыржан Момышұлының әскери стратегиясын да зерттеп жатырмыз,” – деді Жазықбаев.