Кенесары ханның 200 сардары мен 50 жасауылы жерленген орын тарихшыларды таң қалдырып отыр. Олар мына құлпытасты бірнеше күн бұрын ғана анықтапты. Тастың бетіндегі жазу ескіше төтеше ғаріптермен жазылған екен. Оның өзінде толық емес. Жартысы жерге кіріп, шөгіп кеткен.
Жандарбек Мәлібеков, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры:
- 1838 жыл деп жазылған сан бар. Бір тас. 200 сардар деп жазылған. Демек, осы жерде жатыр ғой. Ана құлпытастар арырақ қойылған. Демек, қазақтарда мазардың үстіне мазар қойылмайды ғой. Осы жерде 200 адам жатыр. Соған арнап құдайы бергенде ме, кім біледі енді 1-2 жылдан соң ба соған арнап қойылған тас.
Таришылар бұл қорымда қазақтың соңғы ханының сардарлары жатқанына толық сенімді. Өйткені Кенесарының Ақмола бекінісінде өзінің алғашқы шайқасын өткізгені осының айғағы деп отыр.
Бірақ, Кенесары ханға туған жерінен топырақ бұйырмады. Айбынды қолбасшының басы әлі күнге дейін табылмай жатыр. Ал, бұл зиратта зерттеушілер жүздеген атақты батыр бабаларымыздың жерленгені анық дейді. Шоқиып тұрған мына тастар тізімге алынғанымен, оларды зерттеп жатқан ешкім жоқ. Мұнда жан адам аяқ баспайды, тек әр-әр жерден күзетші-қара мысықтарды ғана кездестіруге болады.
«Қараөткел» зираты 1609-шы жылдан бері бар екен. Сол кезеңнен бері бұл жерге қаншама тарихи тұлғаның жерленгені белгісіз. Жергілікті билік бұл зиратты «қала көркін бұзып тұр» деп қиратып тастауды көздеген. Енді тарихшылар құнды жәдігерлер табылған қорымды ерекше күзетке алуды сұрайды, Үкіметтен.