Зауытты пайдалануға беру еліміздің бағыттауыш бұрмаларға деген сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еліміздегі темір жолдардың жалпы ұзындығы 18,2 мың шақырым болса, оларды бойлай 20 мыңдай бағыттауыш бұрмалар орнатылған. Жыл сайын 1 мың комплект өнімге сұраныс туындайды.
"Южполиметалл өнеркәсіптік корпорациясы" АҚ-ның президенті Тұрсынбек Асанбаевтың айтуынша, бүгінде зауыт өнімдері Бүкілресейлік теміржол транспорты ғылыми-зерттеу институтында сапа сертификатын алу үшін сынақтардан өткізілуде.
"Южполиметалл" өнімдерін "Қазақстан темір жолы" компаниясы мен қарамағында жеке теміржолдары бар еліміздегі өнеркәсіп орындары тұтынатын болады. Бұған дейін олардың бағыттауыш бұрмаларға деген сұранысын Муром және Новосибирск бұрма зауыттары қамтамасыз етіп келген.
"Южполиметалл" - темір жол төсемі жабдықтарын жаңалау, жөндеу және жетілдіруді жүзеге асыратын Қазақстандағы тұңғыш әрі Орталық Азия аймағындағы бірден-бір кәсіпорын.
Келешекте кәсіпорын Орталық Азия елдері рыногына шығады деп күтілуде. Орталық Азия аймағындағы шойын жолдардың жалпы ұзындығы 27 мың шақырымды құрайды.
Зауытты модернизациялау жобасы "Қазақстан даму банкі" АҚ-ның 10,1 млн. доллар мөлшеріндегі несиесі есебінен жүзеге асырылды. Мамандардың болжауынша, бірлескен жоба жүзеге асырылатын кейінгі бес жылда "Южполиметалл" кәсіпорнының іс-қызметі нәтижесінде жиналатын корпоративтік кіріс салығы 3,1 млн. долларды, Қосалқы құн салығы - 4,5 млн. долларды, әлеуметтік салық - 772,2 мың долларды, мүлік салығы 342 мың долларды құрайды деп күтілуде. "Жобаны жүзеге асыру барысында 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жалпыға бірдей "шағын қалалар дағдарысына" ұшыраған Кентау үшін айрықша өзекті болмақ",- дейді банктегілер.
2005-жылдың 1-қаңтарындағы жағдаймен Қазақстан даму банкі жалпы құны 894,5 млн. долларды құрайтын 51 жобаны қаржыландырды. Соның ішінде банктің қатысуымен 478,1 млн. доллардың жобасы жүзеге асырылды.