Кентауда қысқы дайындық жұмыстары үшін бөлінген 400 млн теңге орынды жұмсалмаған - ОҚО прокуроры

"Біз Кентаудағы коммуналдық желілерді қалпына келтіру үшін бөлінген қаржының 50% орынды жұмсалмағанын анықтадық. Яғни 400 млн теңгеден аса қаржы тиісті жұмыстарға пайдаланылмаған ", - деп хабарлады облыс прокуроры Марат Ахметжанов.

Бұдан бұрын хабарланғанындай 2007 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 970 млн теңге ТЭЦ-5 қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалу керек еді. Ал кәсіпорынның жарғылық капиталының 51 % мемлекеттің меншігіне өтті. Қосымша республикалық бюджеттен 880 млн теңге тағы да бөлінді. Бұл ақша 116 шақырымдық жылу желілерін жөндеу жұмыстары мен құрылысқа берілген болатын.

Кентау қаласының тұрғындары қыс бойы пәтерлерінде жылудың жоқтығына, үй арасындағы жылу желілерінің қатып қалғандығына байланысты шағымданып отырды. Алайда, қала басшылығы жылу үйлерге беріліп отыр, ал жылудың жоқтығына үйлер ішіндегі коммуналдық жүйені өз есебінен ауыстырмаған пәтер иелерінің өздері кінәлі деп жала жапты.