Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Азаттық рухына сілтеме жасап хабарлайды.
Жалпы, Нұрымбетовтің мәліметіне сүйенсек, соңғы күндері төтенше жағдай кезінде берілетін 42 500 теңге төлемді алғысы келген 3 млн 703 мың адамнан өтініш түскен. Осылайша, өтініштердің жалпы саны 4 млн 900 мың адамға жеткен. Соның ішінде бүгінге дейін 1 млн 779 мың адамға жалпы сомасы 75 млрд 600 млн теңге төлем аударылған. Қалған азаматтардың өтініші қазір тексеріліп жатыр.
«Көп қойылатын сұрақтың бірі – «Әлеуметтік төлем неге кешіктіріліп жатыр?» деген мәселе. Азаматтардың көбі бір апта бұрын, бес-алты күн бұрын өтініш берсе де, әлі төлем алмағанын айтып жатыр. Сіздердің алдарыңызда министр ретінде кешірім сұраймын. Осы күндері үлгермей жатырмыз. Үлгермеуіміздің себебі бар», - деді министр.
Еңбек министрі 42 500 теңге төлем тағайындау үшін қатарынан үш мекеме жұмыс істейтінін айтты.
Біріншісі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, екіншісі – Мемлекеттік сақтандыру қоры, үшіншісі – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы.
«42 500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Сол қор ақша береді және сол қор тағайындайды. Ол бөлек мекеме. Қазақстандағы әлеуметтік төлемдердің барлығы азаматтарға арналған үкімет корпорациясы арқылы төленеді. Ал өтініштерді қабылдайтын біз, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Алдымен біз өтінішті тексереміз, мемлекеттік сақтандыру қоры төлем тағайындайды, оны азаматтарға арналған үкімет шотқа жібереді. Сіздерге айтарым, осы үш мекеменің қызметкерлері сіздерге 42 500 теңге жіберу үшін күні-түні жұмыс істеп жатыр», - деді министр.
Нұрымбетовтің айтуынша, өтініш беруші азаматтар арасында есепшотын ғана емес, жеке сәйкестендіру нөмірін де қате жазатындар кездескен.
«Өтініштердің жалпы саны 5 миллионға жуықтады. Олардың арасында 60 мыңдай азамат өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін теріс көрсеткен. ЖСН теріс жазылса, ондай азамат жоқ деген сөз. Ондай өтініштерді қайтаруға мәжбүрміз. Екіншіден, есепшотын дұрыс көрсетпегендер бар. Басқа адамның есепшотын немесе жабылып қалған банктегі, мәселен «Наурыз» деген банкте баяғыда ашылған есепшоттарын көрсетіп жатыр. 83 мыңнан астам азамат есепшотын дұрыс көрсетпеген», - деді ол.
Төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік жәрдемақы неліктен кешіктіріліп жатыр?
- 1. ЖСН дұрыс көрсетілмеген (60 мыңнан астам адам);
- 2. Есепшоттың дұрыс көрсетілмеуі (83 мыңнан астам адам);
- 3. Қайтыс болып кеткен адамдардың атынан өтініштің жіберілуі.