Реформадан көз ашпаған денсаулық саласы тағы шала бүлініп жатыр. Бұл жолы министрлік міндетті медициналық сақтандыру қорын «қайта құрамыз» деп даурығуда.
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры:
-Ең алдымен, біз мұны сапалы қызмет көрсету үшін қолға алып отырмыз. Әрине, қазір қолымызда нақты тұжырымдамасы жоқ. Жұмыс беруші қанша пайыз аударып отырады – бұл жағын әлі қарастырамыз. Ал, жұмыссыз адамдарға тиісті қаржыны мемлекеттің өзі бөледі.
Алайда, бұл бастамаға күмәнмен қараушылар көп. Өйткені, медициналық сақтандыру қоры елімізде 90-шы жылдары болған. Міне, мына азамат - Талапкер Иманбаев кезінде Үкіметтің өзі құрған міндетті сақтандыру қорына басшылық етті. Кейін қордағы халықтың 900 млн теңгесін қарпып, мұхит асқан болатын. Әлі ұсталған жоқ. Сондықтан сарапшылар тұрғындар тағы алданып қалуы мүмкін дейді.
Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы:
–Ол үшін жемқорлық болмауы керек. Бәрі ашық, жария болуы керек. 90-шы жылдардағы сияқты біреуге мүмкіншілік беріп, оны ұрлап әкету - ондай жағдай болмау керек.
Аузы күйген елдің міндетті сақтандыруға үрке қарайтыны содан. Себебі денсаулық сақтау министрлігінің реформасы ылғи даумен аяқталады. Мәселен отбасылық дәрігер мен аурухананы әр азамат өзі «таңдайды» деп бастама көтерілген. Бірақ жұрт әлі күнге дәрігерді отбасына шақырмайды, ауруханаға өзі жүгіреді. Емдеу мекемесін де таңдап жатқан ешкім жоқ. Осы сияқты бұл жолғы бастама да қарсылыққа тап болатын түрі бар.
-Алайда, жұрттың пікірін елегелі отырған министрлік жоқ. Міндетті медициналық сақтандыруды қалайда енгізу үшін жанталасып жатыр. Тіпті жақын арада, кезекті реформаның қалай іске асырылатынын айтып, тұрғындарға тәптіштеп түсіндіріп бермек.