KFC-ге ҚМДБ-ның халал сертификаты қайта берілді ме?

Кеше Астана қаласындағы «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығындағы «KFC» өнімдерінен ҚМДБ-ның халал сертификатының логотипін көріп таң қалдық. Осыдан бір ай бұрын «Халал Даму» ЖШС директорының орынбасары Әнуар Елжанов ҚазИслам порталына берген сұхбатында сертификатты аталмыш мейрамханалар желісінен не үшін қайтарғандығы туралы толықтай баяндаған болатын.

Ал күні кеше түсірілген суретті Ә.Елжановқа жібергенімізде, ол:

— Біз KFC-ге халал сертификатын қайтарып берген жоқпыз. Ал суреттегі логотипке келсек, мейрамхана басшылығы KFC өнімдері салынатын арнайы қораптарға алдын ала үлкен көлемде тапсырыс беріп, соны әлі күнге пайдаланып үлгермей жатқан болуы мүмкін. Ең бастысы, тұтынушыларға бірден көрінетін үлкен логотиптер толығымен алынды дей аламыз. Ерекше айта кететіні, біз халал сертификатын қайтарған жағдайда халыққа бірден хабарлаймыз,-деп жауап берді.

    Сондай-ақ, Ә.Елжанов кешегі күннен бастап бақылаушы-мамандардың тексеруге шыққанын және осы қораптардағы логотиптерге қатысты ескерту жасайтынын жеткізді.


                                                                                                                                                        Ақпарат көзі: kazislam.kz