Хайров 11 жылын қатаң тәртіптегі колонияда өткізеді

Былтырғы жылдың жазында Ақсай шатқалындағы қанды қырғын бойынша күдікті деп танылған Саян Хайровқа қатысты сот үкімін тыңдауда тілшілер ғана жиналғандай. Адвокаты өзге шаруам бар деп бүгін төбесін көрсетпеді. Ал жарының кінәсіз екенін алға тартып, бір жарым ай бойы созылған сот процесіне үздіксіз келген Шынар ұялы телефонымен ұзақ жазысып, онысын Хайровқа көрсетіп бір қуантты.

Бұған дейін де бұзақылық үшін істі болып, уақытынан бұрын бостандыққа шыққан Саян Хайров осылайша соттың үкімін жақсы көңіл-күймен күткен еді. Бірақ үкім ол ойлағандай болмады. 

11 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазаны түзеу колониясының қатаң режимінде өтесін. ҚР ҚК 13 бабы, екінші бөлігінің «Б» тармағына сәйкес Хайров Саян Мақсұтұлының әрекетінде қылмыстың қайталану қаупі танылсын.

Сондай-ақ тәркіленген 1 миллион 627 мың 500 теңге мен автокөлік және 3 ұялы телефон мемлекет пайдасына тәркіленсе, табылған қару-жарақ, күш құрылымдарының арнайы киімі мен құрал-саймандары жойылуы тиіс. Ал Хайровтың өзі апелляцияға беруге дәмелі.


Шынар, Шынар, Шынар...  Адвокатқа звонда, тергеушіге арыз жазсын. Қазір звонда. Анда күтіп жатыр де арызды.

Бірақ Хайровтың жұбайы оның бұл ұстанымымен келіспейтін сыңайлы.

Жоқ, болмайды. Маған сұхбат беруге болмайды. Білмеймін. Мен шешпеймін оны. Мен ештеңе істемеймін. Аллахтың қалауы болады. Инш Алла.

Құрған лаңкестік тобындағы содырлар арнайы операция барысында көз жұмса, Саян Хаировтың өзі енді алдағы 11 жылын қатаң режимдегі колонияда өткізетін болады. Соттың үкімі бойынша ол осы жолы уақытынан бұрын бостандыққа шығу құқығынан айырылған. Ал қанды қырғынға қатысы бар деген тағы бір күдікті Зәуірбек Ботабаев әлі күнде дейін бостандықта жүр.