Хайровтың әйелі күш құрылымдарынан 20 млн теңге талап етті

Іле-Алатауы ұлттық паркіндегі қанды қырғынға қатысы бар деген күдіктілерді құрықтау операциясы қарулы қақтығысқа ұласып, 13 адамның өлімімен аяқталған оқиғадан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Бірақ сол кезде ұлынан айырылған Шынар Бисенбаева енді ғана өтемақы талап етіп, күш құрылымдарынан сот арқылы қомақты сомманы өндіріп алмақ.

Шынардың Ислам есімді ұлынан көз жазып қалған кез дәл осы. «Таң» саяжайындағы үйлердің бірінде бекініп алған лаңкестер күш құрылымдарына қарулы қарсылық көрсеткен. Атыс-шабыс кезінде 13 адам өлген болатын. Оның екеуі бала.

Кейін сол балалардың бірі Саян Хайровтың ұлы екені белгілі болды. 11 жасар жеткіншектің қазасы үшін анасы енді Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Алматы қалалық Ішкі істер департаментінен өтемақы талап етіп отыр.

Шынар Бисенбаева С.Хайровтың жұбайы:

- Өтемақы талап етемін – 20 миллион. Кімнің үстінен дегенде сол кезде спецоперацияға қатысқан КНБ ма, ДВД ма солардың қызметкерлері жасаған іс-әрекеттері ғой.
Мен қазіргі таңда баламның өліміне қатысты жауап берілуін талап етемін. Әділдікті іздеймін, әділ түрде жауап берілсін. Баланың ол жерде ешқандай кінәсі жоқ.

Ал дінге жақын Шынар Бисенбаева өз адвокатымен ақылдасып, моральдық шығын көлемін малмен есептеп, теңгеге аударыпты. Олардың есебі бойынша өлген бала құны 100 түйеге тең.

Жандос Бұлхайыр, Адвокат:

- Судың да сұрауы бар дейді. Сондықтан бұл жерде мысық өлімі емес, күшік өлімі емес, адам өлімі болып жатыр.

Арызды алғашында Алмалы аудандық соты кері қайтарған екен. Іс Астанада қаралсын деп. Бірақ бүгін Алматы қалалық соты ол ұйғарымның күшін жойды. Яғни, ұлынан айырылған ананың арызын енді Алматы соты қайта қарауы тиіс. Ал Шынар Бисенбаеваның өзі қазір 10 жасар қызымен жалдамалы пәтерде тұрып жатыр екен. Уақытша жұмыссыз болғандықтан, туыстары барынша көмек көрсететін көрінеді.