Осы орайда, айтулы датаға орай елімізде қандай іс-шаралар өткізілмек? Ғалымның ғылымда, жеке өмірінде біз білмейтін қандай құпиялары болды? Осы және өзге сауалдарға Caravan.kz медиа порталы тілшісі жауап іздеп көрді.
Қазақ ғылымы ғана емес, жалпы сол кездегі Кеңес дәуіріндегі геология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қ. Сәтбаев саналы ғұмырында еліне қызмет етіп, сапалы ұрпақ тәрбиелеу ісіне атсалысқан санаулы ғалымдардың бірі. Жастайынан анасынан ерте айырылған ол, ілім-білімге құштар болып, қолы қалт еткенде кітап оқуды әдетке айналдырған екен.Шын есімі Ғабдулғани болған әйгілі академиктің не себепті «Қаныш» атанып кеткенін көпшілік білмеуі мүмкін. Ғалымды сәби күнінен анасы Әлима еркелетіп «Ғаныш», «Қаныш» деп атайтын көрінеді. Қ.И. Сәтбаев сол кездегі көптеген қазақ зиялылары сияқты сауатын алдымен араб тілінде, ауыл мектебінде ашқан. Кейін Керекудегі екі кластық орыс-қазақ гимназиясын тәмамдаған. Осы орайда, қазақ ғылымында өшпес із қалдырған академиктің өміріне қатысты тың деректерді назарларыңызға тізіп беруді жөн көрдік.
- Қ. Сәтбаев білім Павлодардағы гимназияда қазақ жазушысы Ж. Аймауытовпен бірге оқыған. Ал Семей мұғалімдер семинариясында оқыған кезеңде, ол А. Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыровпен кездескен екен. Сонымен бірге классик жазушы М. Әуезов және ғалым Ә. Марғұланмен бірге оқыған. Бір қызығы, болашақ ғалымға тәлім берушілер арасында қазақ қыздары арасында тұңғыш тілші атанған Нәзипа Құлжанова мен оның жан жары Нұрғали Құлжанов та болған.
- Академик жас кезінде туберкулез дертімен ауырған. Тарихи деректерге сүйенсек, дерті дендегендіктен, ғалым елге қайтып оралып, биенің қымызымен емделуге мәжбүр болған.
- Қ. И. Сәтбаевтың жеке өміріне келер болсақ, геолог екі рет отбасын құрған. Оның алғашқы жары – Шәрипа Омарова. Шәрипадан зерттеуші Ханиса есімді қыз сүйген. Кейін ғалымның тұңғыш қызы әкесінің жолын қуып, медицина ғылымының докторы атанады, сөйтіп С.Н. Асфандияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде көп жыл бойы сабақ беріп, құрметті профессор атанады. Тау тұлғаның екінші жұбайы - Таисия Алексеевна. Ол онымен Томскіде технологиялық институтында оқып жүрген кезінде танысады. Кейін екі жас отбасын құруға шешім қабылдап, шаңырақ көтереді. Ғалым екінші әйелінен Мейіз және Мәрияш есімді екі қыз сүйеді. Сәтбаевтың үлкені Мейіз өскен соң, геология жолын таңдаса, кішісі Мәрияш небары 12 жасында қайтыс болады.
- Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң, ғалым Қарсақпай мыс кенін зерттеу үшін, аттай 15 жылын арнайды. Десе де, оның бұл өлшеусіз еңбегі ақталады. 1932 жылы «Жезқазған мыс-кен ауданы және оның минералды ресурстары» ғылыми монографиясын алғаш рет жарыққа шығарған ол, күллі Кеңес ғалымдарына Жезқазған кен орнының мысқа бай екенін дәлелдейді. Геологтың тырнақ алды зерттеулері тұңғыш рет «Жаңа мектеп», «Народное хозяйство Казахстана» журналдарында жарық көрген. Бұл жолда академик 130-дан астам еңбектің авторы атанған.
- Сәтбаевтың ғалым болып қалыптасуына оның Алматыға көшіп келуі мен ондағы бір топ ғалымдардың шоғырлануы себеп болады. Бір қызығы көпшілік, атақты ғалымның судья болып қызмет еткенін біле бермейді. Алайда деректерде ол 1921 жылы аталған лауазымнан бас тартып, профессор М.А. Усовпен кездесуінің арқасында, геология саласына біржола бет бұрғаны айтылады.
- Қ. И. Сәтбаевтың ғалым болып қалыптасу жылдары соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол жылдары ол елдегі барлау жұмыстарынан бөлек, КСРО әскерін броньды болатпен қамтамасыз ету ісіне атсалысқан. Деректерге сүйкенсек, Қазақстан соғыс жылдары 70,9% бүкіл одақты марганец кенімен қамтамасыз еткен.
- Әйгілі геолог-ғалым М. Әуезовтің «Абай жолы» романына жоғары баға беріп, оның маңыздылығын атап өткен тұлғалардың ішінде алғашқылардың бірі болды. Сонымен бірге, Қ. Сәтбаев фольклортанушы А. Затаевичке 25 халық әнін тапсырған екен. Одан бөлек, академик геология ғылымынан басқа театр, әдебиет, мәдениет және т.б. сан салады көптеген еңбек қалдырған.
- Сәтбаев туралы сөз қозғағанда бірден: «Менің халқым менен де биік» деген сөзі ойға оралады. Бұл тіркестің шығу тарихы қызық болған. 1947 жылы ұлы ғалым Кеңес партия мүшелерімен бірге Ұлыбританияға барған екен. Ол сол жолы У. Черчилльмен кездескен. Сонда Англия экс-премьер-министрі Сәтбаевтан бойының не себепті сұңғақ екенін сұраған екен. Сол кезде ғалым, ойланбастан: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, менің халқым менен әлдеқайда биік!..» деп жауап берген көрінеді.
- Ғалым қазақ ғылымына өлшеусіз еңбек сіңіріп қана қоймай, көптеген дарынды шәкірт тәрбиелей білді. Оның мұндай талантты тәлімгерлерінің қатарында еліміздегі энергетикалық ғылымның негізін қалағанШапық Шөкин, ғалым-археолог, отандық археологиялық ғылымның негізін қалаушы Ә. Марғұлан, атақты химик ғалым Е.А. Бөкетов және т.б. болды.
- Қазақ зиялыларының басым көпшілігі сыңайлы Қаныш Имантайұлының да басынан қилы кезеңдер өткен. 1951 жылы оған ұлтшыл, 1917 жылы «Алаш» зиялыларына қолдау көрсетті деген желеумен, айып тағыла бастады. Десе де, оның кәсібилігі мен білікті зерттеуші болуының арқасында, КСРО Ғылым академиясы оған қолдау көрсетіп, Мәскеуде қалып, еңбек етуге ұсыныс жасаған. Алайда, атақты ғалым ел игілігіне еңбек етемін деген ниетпен, Қазақстанға қайтып оралады.
Көргеніміздей, ғалымның өмірі мен ғылымдағы еңбек жолынан сыр шертетін қызықты деректер жетерлік. Біз олардың тек маңыздыларына тоқталып өттік. Ендігі кезекте, әйгілі геологтың 125 жылдығына орай, елімізде қандай іс-шаралар өтеді деген сауалдарға жауап іздемекпіз.
Академиктің 125 жылдығы: Елде қандай маңызды іс-шаралар өтеді?
Ел бойынша Қ. И. Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған, түрлі бағыттағы маңызды іс-шаралар легі басталып та кетті. Солардың бірі 22 ақпанда Қостанайдағы «Кәсіпкерлік колледжінде» өткен «Жас ғалым» ғылыми-тәжірибелік конференциясы болды. «Жастар – елдің инновациялық дамуының факторы және ресурсы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция ғалымынң мерейтойына арналып, жастарды ғылымға баулу жолында қызығушылығын арттыруды көздейді. Конференцияда сөз алған ғалымдар аталған жиынның маңызына тоқталып, тау тұлғаның қазақ ғылымына қосқан сүбелі еңбегін сөз етті.
«Қаныш Имантайұлы Сәтбаев эрудициясы жоғары, ғылымның көптеген салаларында энциклопедиялық білімге ие, ол елде интеллектуалды, ғылыми даму трендін қалыптастырған алғашқы ғалымдардын бірі. Осы орасан еңбектің нәтижесінде, қазақстандық қоғам ағарту қоғамынан интеллектуалды – ғылыми ортаға айналды», - дейді конференция қатысушылары.
Қостанай облысынан 21 оқу орны, республика бойынша 40-тан астам колледж студенттері, Ресей Федерациясының бірқатар оқу орындары: Барнаул теміржол көлігі лицейі, Барнаул теміржол колледжі, Алтай өндірістік-эколонмикалық колледжі, Орынбор теміржол көлігі техникумы және т.б, қатысты.
«Конференцияғабарлығы 350 жоба келіп түсті. Жалпы ғылыми-тәжірибелік конференция 8 бағыт бойынша өтті. Келіп түскен жобаларға баға беру үшін, арнайы әділқазылар алқасы құрылды. Оның құрамында А. Байтұрсынов ат. Қостанай өңірлік университеті, М. Дулатов ат. Қостанай инженерлік-экономикалық университеті, Челябинск мемлекеттік университеті, Ш. Қабылбаев ат. ҚР ІІМ Академиясының оқытушылары енді. Жалпы мұндай іс-шаралардың ұйымдастырылуы – студенттердің ғылымға деген сүйіспеншілігін оятып қана қоймай, оларда патриоттық рухты оятуға себеп болады. Одан бөлек, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбектерін өскелең ұрпаққа дәріптеп, оны жастармен жақыннан танытуға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылып тұрады», - дейді Қостанай облысы білім басқармасы өкілдері.
Еліне еңбек сіңірген қайраткердің мерейтойына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті де бірқатар іс-шаралар легін ұйымдастырмақ. Олардың қатарында жыл сайын атап өтілетін «Сәтбаев оқулары» маңызды шарасы бар. Сонымен қатар, ведомство өкілдері студенттер арасында жыл сайынғы турнир өтетінін атап өтті.
Есімі мәңгілік халық есінде қалатын қайраткер Қ. Сәтбаев – қазақ халқының мақтанышы әрі ірі тұлғасы болып қала бермек. Қазақ геология ғылымының негізін қалаған зерттеушінің еңбектері күні бүгінге егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Алдағы уақытта осы олқылықтың орны олып, Қ. Сәтбаев жайлы түрлі маңызды фактілерге қол жеткіземіз деген ойдамыз.