Халық банкінің Сарыағаштағы филиалынан 100 млн. теңге тоналған



Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, департамент қызметкерлері "Қазақстан Халық банкі" АҚ Сарыағаш филиалының басқарушысы, қаржылық бақылаушысы, заңды тұлғалар жөніндегі менеджері мен жетекші контролер-кассирі сынды бірнеше қызметкері алдын-ала ымыраласу арқылы жыл басынан бері 7 айдың ішінде 100 миллиннан астам теңгені тонап алғанын анықтады. Сол үшін әлгілер банктің бас кеңсесіне заңды және жеке тұлғалардың есепшотына қатысты операциялар бойынша қасақана жалған ақпараттар беріп келген.

Қазір күдіктілердің үстінен "Сеніп тапсырылған басқаның мүлкін талан-тараж ету және иемденіп алу" жөніндегі бап бойынша 14, "Банк операциялары жөнінде қасақана жалған ақпараттар беру" жөніндегі бап бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыстық істер толық тексеріліп, сотқа жолданды. Бұл іс бойынша басты айыпкерге қазір іздеу жарияланып отыр.