"Ешкім де кетпейді. Біріншіден, оларды ешкімде кетуге мәжбүрлеп , соған жағдай жасап отырған жоқ. Керісінше олардың келуіне жағдай жасалуда",- деді ол. "Біз әуе компанияларының кетуінен мүдделі емеспіз. Оларды Қазақстаннан үркітіп жіберуге ешбір қадам жасалып жатқан жоқ",- деді вице-министр. Ю.Лавриненконың пайымдауынша, "құр популизммен айналысып, жоқ жерден қателік іздеп, даурығудың орнына қиын болса да, қолайлы шешімді іздестіру қажет".
Ю.Лавриненко ҚР көлік және коммуникация министрлігі әуе компанияларына Алматыдан Астанаға көшу туралы "қатаң талап қойғанын" мойындады. "Алайда, министрлік пен компаниялар өзара келіссөздер барысында әр жақ үшін де тиімді шешімді қарастыруда. Компанияларға зардап шектірмеу, жолаушылардың көңілінен шығу жолдары мен қалыптасқан туристік қызмет рыногын құрдымға жібермеу амалдары іздестіріліп жатыр",- деді ол. "Бұл орайда Алматыдағы туристік фирмалардың шығынын асыра көрсетуге болмайды",- деді вице-министр.
Қазіргі оңды ағымдарға қарамастан, Қазақстанның авиация рыногы анау айтқандай ауқымды емес, деді қазіргі ахуалға түсініктеме берген Ю.Лавриненко. "Сол себепті бөлшектеуден тек компаниялар ғана шығынға батады. Ал рейстерді көшіруден компаниялар зардап шекпеуі үшін ойламды шешім қабылдау қажет",- деді ол.
Вице-министрдің пайымдауынша, азаматтық авиация рыногы дамыған сайын Астана, Алматы және Атыраудағы халықаралық терминалдар бірдей іске қосылатын болады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР көлік және коммуникация министрлігінің шешімімен 2005-жылдың 1-қыркүйегінен бастап халықаралық әуе желілері Алматыдан Астанаға ауыстырылады.
Алматыға тікелей рейстер жасайтын әуе компанияларының арасында Lufthansa, KLM, Turkish Airlines, British Airways, China Southern Airlines, Iran Air, Pakistan International сынды ірі компаниялар бар.