Халықаралық әуе желілерін Алматыдан Астанаға ауыстыру туралы шешім туризм саласының дамуын тежейді - Қазақстанның туристік қауымдастығы

Р.Шайкенованың айтуынша, "Алматы бағытындағы рейстерден табатын пайдасынан қағылатын халықаралық ірі әуе компаниялары Қазақстанға ұшуды біржола доғаруы ықтимал". Бәсекелестікке қабілетті экономиканы дамытудан, соның ішінде халықаралық туризм саласын дамытудан мүдделі ел үшін шетелдік әуе компаниялардың мүддесін шектеу қисынға келмейді. Сол арқылы мемлекет "бір компанияға ғана, соның ішінде бұл жолы "Эйр Астана" ЖАҚ-ына қамқорлық жасау арқылы басқа компаниялардың мүддесін аяқасты етіп отыр",- деді ол.

Астана арқылы ұшу ұшақ билеттерінің бағасын екі есе қымбаттатады. Бұл өз кезегінде туристер санының азаюына әсер етпек. Туристік компаниялардың есебі бойынша соның салдарынан еліміздің туристік саласы жылына 90 млн. доллардың шығынына ұшырағалы отыр.
Туристік компания өкілдерінің пікірінше, "халықаралық әуе желілерін Алматыдан Астанаға ауыстыру салдарынан тап болатын тауқыметтердің бұл бір парасы ғана". "Хан тәңірі" компаниясы директорының орынбасары Дәурен Валиевтің айтуына қарағанда, "іс-қызметі туристік саламен ұштасатын экономиканың тағы да 30 саласы орасан шығынға ұшырайын деп отыр".
Осыған байланысты Алматыдағы туристік компаниялардың өкілдері таяу уақыттарда республика Елбасының атына аталмыш шешімді қуатсыз ету туралы ашық хат жолдамақшы.
Қазақстан туристік қауымдастығының ақпаратына сәйкес, 2003-жылы жолаушылардың 81 проценті Алматыға, 0,9 проценті Астанаға әуе транспортымен келген. 2004-жылғы 9 айда ұшақ жолаушыларының 83 проценті Алматыға, 12 проценті Астанаға келді.
Қазіргі жағдаймен Алматыда 424 туристік фирма жұмыс істейді. Бұл еліміздегі туристік компанияларлың жалпы санының 60 процентіне тең. Ал Алматыдағы қонақүйлер қоры жалпы көлемнің 25 процентін иемденеді.
Алматыға тікелей рейстер жасайтын әуе компанияларының арасында Lufthansa, KLM, Turkish Airlines, British Airways, China Southern Airlines, Iran Air, Pakistan International сынды ірі компаниялар бар.