Халықаралық бейресми ұйымдардың жетекшілері үкіметті демократияға қауіп төндіретін заң жобаларын кері шақырып алуға шақырады

Freedom House ұйымының Қазақстандық өкілдігінің директоры Антонио Стангоның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдарға қатысты әзірленіп жатқан екі бірдей заң жобасы Қазақстанның демократиялық дамуына қауіп төндірмек. Бұл- "Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы" және "Коммерциялық емес ұйымдардың іс-қызметіне қатысты қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу" жөніндегі заң жобалары.

"Егер заң жобалары мақұлданатын болса, бұл негізінен адам құқығын қорғаумен айналысатын шет елдік және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың іс-қызметіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Бұл дегеніңіз, Қазақстанды халықаралық қауымдастықтың қаржылай көмегінен құралақан қалдырады",- дейді олар. Үндеуде ұйым басшылары заң жобаларындағы халықаралық және шет елдік үкіметтік емес ұйым өкілдіктерін әділет министрлігінде қайта тіркеуден өткізу; іс-шарлар өткізу үшін жергілікті атқарушы биліктерден рұқсат алу; ұйымның жыл сайынғы шығыны мен кірісі жөнінде есеп беріп тұру; өкілдік жетекшілерінен Қазақстан азаматтығын талап ету сияқты кейбір тараптары халықаралық құқықтық стандарттар мен тәжірибелерге сай келмейтіндігін атап көрсетті.
Хатқа Freedom House, International Republican Institute, National Democratic Institute, Internews Network, Open Society Institute, International Center for Not-For-Profit Low тәрізді халықаралық ұйымдардың жетекшілері қол қойған.
Олар 19- мамыр күні мәжіліс депутаттарымен кездесіп, заң жобасына қатысты сауалдарын қоюды көздеп отыр.