"Келесі жаттығуларға басқа да әріптес-мемлекеттердің әскери бөлімшелері де қатысады деген алдын-ала уағдаластыққа қол жеткіздік. Бірақ дәл қандай елдің бөлімшелері қатысатыны болашақ жаттығулар жоспарланатын 2005-жылғы көктемде белгілі болады",- деді Б.Сембинов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 18-27-тамыз күндері өтетін жаттығуларға ҚР Қарулы Күштері Аэроұтқыр күштерінің 1,5 мыңдай жауынгері мен Ұлыбритания Қарулы күштерінің ханшайым Уэльская атындағы үшінші корольдік жаяу әскер полкының ротасы қатысады. Сондай-ақ, жаттығуларға ҚР Қарулы Күштерінің әуеден қорғаныс күштері мен зымыран әскерлері қатысады.
Жаттығулар тақырыбы - меймандос мемлекетке заңсыз қарулы құрылымды жою бағытында қолдау көрсету шаралары аясында "ҚР Қарулы Күштері Аэроұтқыр күштері тарапынан ахуалды тұрақтандыру мақсатында арнаулы операциялар өткізу және оған дайындықты жүзеге асыру" болып табылады. Жаттығулар Аэроұтқыр күштердің басқарушы органдары арасында арнаулы әскери операциялар өткізу, ұйымдастыру және жоспарлау тәртіптері төңірегінде біртұтас көзқарас қалыптастыруға бағытталады. Сондай-ақ, жаттығулар барысында коалициялық күштердің өзара ықпалдастығына қатысты мәселелер дәйектеледі. Жаттығулар жоспарына сәйкес, британиялық бөлімшелер жаттығулар қолбасшысының резерві ролін атқарады.
Сонымен қатар, оқу-жаттығулар кезінде британиялық офицерлер бітімгершілік операцияларды өткізу төңірегіндегі тәжірибесімен бөліссе, Қазақстан жағы әріптестеріне шабуыл бөлімшелерінің дайындық әдістемесін таныстырады.
Б.Сембиновтың айтуынша, бұл жолы тұңғыш рет оқу-жаттығуларға Аэроұтқыр күштердің төрт бірдей десанттық-шабуылдаушы бригадаларының штабтары жұмылдырылып отыр. Сөйтіп, "біздің офицерлер әріптестерден штабтық жұмыстар мен үйлесімділік тәжірибесінен үлкен сабақ алғалы отыр". Штабта британиялық офицерлер де жұмыс істеуде.
Қорғаныс министрі орынбасарының айтуынша, "қажетті тәжірибе жинақтау үшін британиялықтар оқу-жаттығуларға түрлі бөлімшелердің қатысуынан мүдделі". "2003-жылғы Халықаралық "Дала қыраны" әскери оқу-жаттығуларының қорытындысы шығарылғаннан кейін біз бір-бірімізден үйренетін нәрсе көп деген ортақ тұжырымға келдік. Өзіміздің офицерлер мен әскерлер де британиялықтарға қажетті күрделі әрі бағалы тәжірибесі болса, өз кезегінде британиялықтардың тәжірибесі де біз үшін құнды. Толыққанды әріптестік дегеніңіз міне ,осы",- деді ол.
Жаңадан басталған жаттығулардың тағы бір ерекшелігі сол, оған таяуда ғана жаңадан құрылған №38 және №37 бригадалар да шақырылған. Бұған дейін осы тектес оқу-жаттығуларға Қапшағайдағы 38-бригада ғана қатыстырылатын.