Байқоңырда экипаждар ұшырылым алдындағы ақырғы дайындықтан өтеді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Халықаралық ғарыш станциясына баратын 12-ші экспедицияның негізгі экипажына ресейлік Валерий Токарев бортинженер ретінде, НАСА астронавты Уильям МакАртур командир ретінде, Грегори Олсен ғарыштық турист ретінде енді.
Қосалқы экипажға бортинженер ретінде ресейлік Михаил Тюрин, командир ретінде Джеффри Уильямс, сондай-ақ, Space Adventures компаниясының ресейлік өкілдігінің жетекшісі Сергей Костенко енген.
Г.Олсен - ғарышқа жол тартқалы отырған үшінші турист. Ол бірқатар эксперименттерді жүзеге асырып, медиялық бағдарламаларды орындайды. Атап айтсақ, ол жердің беті мен атмосферасын инфрақызыл сәулелі камераның көмегімен түсіріп, Ұшуларды басқару орталығы мен Халықаралық ғарыш станциясының борты арасында телекөпір ұйымдастырып, әуесқой радиобайланысы сеанстарын жүзеге асырады. Сондай-ақ, білім беру бағдарламасы бойынша сюжеттер түсіріп, Халықаралық ғарыш станциясына жүзім өскіндері бар контейнерді жеткізіп зерттеп , қайтадан жерге әкелуге бағытталған экспериментті іске асырады.
Г.Олсен 2005-жылдың 11-қазанында Халықаралық ғарыш станциясында жұмыс істеп жатқан 11-ші экспедиция мүшелері - Сергей Крикалев және Джон Филипспен бірге жерге оралады.
12-ші экспедицияның мүшелерін алып ұшатын "Союз-У" ғарыш кемесі "Байқоңырдан" 1-қазанда аспан кеңістігіне жол тартады. Ғарышкерлер халықаралық ғарыш станциясында 6 ай жұмыс істейді деп күтілуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті