Қазынаның қыруар қаржысын қалтасына басып қашқан ағайынды Рысқалиевтердің әкесі 10 жылдан астам мына үйде тұрып келген.Жаназаға жиналғандардың көп болғаны сонша, жол бойына қойылған көліктерден көшедегі қозғалыс бірер сағатқа тоқтап қалды. Ал көңіл айтып келгендерді туыстары қақпа алдынан күтіп алып, жаназасы үй ауласында сырт көзден таса жерде шығарылды.
Балалары елден кеткелі бері Сәулебай Рысқалиевтің жүрегі сыр берген. Өмірінің соңғы күндерін ол хабар күтіп, теледидарға телміреумен өткізіпті.
Алпысбай Жұмырғазин, С. Рысқалиевтің досы:
- Балдарын аңсайды ғой. Аңсамайтын адам бар ма? Бала-бауыр еті ғой. Баласын ата-анасы ақ сүтін берген, қалай жоқтамасын?
Құндызбай Берлепесов, С. Рысқалиевтің құдасы:
- Денсаулығы, жүрегі ауырып жүреді ғой. Курортқа барды, емделіп жүрді. Бәрібір дәмі біткен соң кетті ғой. Не шара...
Атыраудың бұрыңғы әкімі Бергей Рысқалиев пен Мәжіліс депутаты болған бауыры Аманжан әкелерін соңғы сапарға шығарып сала алмады. Оларға 35 адамнан тұратын қылмыстық топ құрып, 71 миллиард теңгені жымқырды деп айып тағылған болатын. Сыбайластарының қатарында үш күйеу баласы тағы бар. Олар да шетел асқан. Ал үлкен әпкесі кісі өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталып, қазір Халықаралық іздеуде жүр.
Қазір Швейцария прокуратурасы да ағайынды Рысқалиевтерге қатысты қылмыстық іс қозғапты. Осы елдегі банктердің бірнен өздері мен туыстарының атына үш есеп шот ашып, ақша ұрлаған. Бұдан өзге қазір шоттарында 100 миллион еуродан асатын қаржылары сақтаулы тұрғаны тағы белгілі болды. Алайда елдің ақшасын жеп, ен байлыққа кенелсе де әкелерін ақтық сапарға аттандыру, оларға бұйырмаған бақыт болды.