Қазіргі таңда тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысушылар саны 425 мыңдай болатын болса, ол 2020 жылға қарай 1,5 миллион адамға көбеймек. Ал Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ҚТҚЖБ беретін несие көлемі оның даму стратегиясына сәйкес 1 триллионға дейін жетеді. Бұл туралы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында жарық көрген «Ел баспана мәселесін шешуді меңгере бастады» деген сұхбатында айтады.
Сұхбаттан несиелеу барысындағы қолжетімділік факторы туралы, қаржыға орайластырылған баспана қолжетімділігі, мемлекеттік бағдарламаға қатысу жолдары, жас отбасылардың баспаналы болуы үшін не істеу қажет екендігі және тағы да басқа көптеген мәселелер туралы толыққанды жауап табуға болады.
***
Тарих пәні бойынша мектеп оқушылары мен студенттерді шатастырмайтын оқулық жазылады. Яғни алдағы уақытта «Әлем тарихы», «Орта Азиялық мемлекеттер тарихы» және тарихтың салалары бойынша жаңа оқулықтар жазыла бастамақ. Қазіргі күні аталған оқулықтар авторларының тізімі жинақталуда екен. Бұл жөнінде Ұлттық тарихты реформалау барысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған брифингте Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған мәлімдеді, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында.
Б. Аяған қазіргі таңда тарихшылар үшін мемлекет тарапынан тиісті жағдайдың жасалып отырғанын айтады. Оның мәліметінше, еліміздегі 59 жоғары оқу орнында Қазақстан тарихы кафедралары жұмыс істеп келеді. 4 мемлекеттік, 9 акционерлік, 9 жеке жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедралары жаңадан ашылып, жұмысқа кіріскен. «Тарих» мамандығы бойынша жоғары білім беретін кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көбейіпті. Тарих саласындағы PhD докторларын даярлауға да артық грант беріліпті. Жас тарихшылар да жамағаттан қалмай, өздерінің қауымдастығын құрып үлгеріпті.
«Оқушыны шатастырмайтын оқулық жазылады»
деген тақырыпта берілген мақалаға осы мәселе кеңінен арқау болған.
1990 жылдардан бергі уақытта біздің тілді үйренуге ниет еткен шетелдіктердің қатары көбейіп келеді. Қазір тіл үйренуге ықыласты шетелдік азаматтарды елдің орталықтан шалғай аймақтарынан, қазақ ауылдарынан көптеп кездестіруге болады. Бұл туралы «Айқын» газеті «Халықаралық қауымдастық қазақ тіліне қалай қарайды» деген тақырыппен беріп отыр.
Еуропа құрлығында қазақ тіліне қызығушылықтың өзіндік тарихы бар. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында посткеңестік елдердің арасында тек қазақ тілі ғана ашық бәсекеде бұрыннан ықпалды орыс тіліне жол беріп алған еді. Бірақ соңғы кездері бұл бағытта өзгеріс бар. Біздің үкімет те тіл мәселесінің тәуелсіздікпен тығыз байланыста екенін мойындай бастаған сыңайлы. Үкімет тарапынан байқалған жылымықтың нәтижесінде қазақ тілінің реңіне шырай кірді. Соңғы бірер жылда Ақ орда мен Үкіметте ресми құжаттар, қызметтік хаттар тек қазақ тілінде дайындалады. Бұл ретте іс-қағаздарын 100 пайыз қазақ тілінде дайындайтын Сыртқы істер министрлігі өзгелерге үлгі болып тұр, деп жазады басылым.
Осыдан кейін мақала авторы АҚШ-та қазақ тілін шет тілі ретінде оқытатын жоғары оқу орындарының тізімін берген.