Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы немістің Прюм қаласында «Мәдениеттердің жақындасу күнін» өткізді

ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің айтуынша, іс-шара Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ жария еткен Халықаралық мәдениеттердің жақындасу жылы аясында ұйымдастырылып отыр. «Бұл өтіп бара жатқан жылы ТҮРКСОЙ ұйымының Еуропа елдерінде өткізген соңғы іс-шараларының бірі. Біз алғаш рет Германиядағы түркі тілдес диаспораларға қарасты мәдениет орталықтарының күш-жігерін біріктірдік», - деді Д.Қасейінов.

Д.Қасейіновтің айтуынша, өткізілген іс-шара жергілікті халықтың түркі мәдениетіне, музыкасына, биіне, сурет өнері мен өнеріне деген қызығушылығын байқатты. «Бір-бірімізден айырмашылығымызды іздеген уақыт өтті, енді ортақ нәрселерді іздеу керек», - деді ТҮРКСОЙ бас хатшысы.

«Қала мэрі ретінде мен үшін Батыс Еуропада мүлдем болмаған осындай іс-шараның дәл біздің қалада өткізіліп отырғаны өте маңызды. Бұл жерде көп ұлттың адамдары мекен етеді, сондықтан осындай іс-шаралар халықтарды жақындастырады», - деді өз кезегінде Прюм қаласының бургомистрі Матильда Вайнанде ханым.

«Мәдениеттердің жақындасу күнінде» Германиядағы түркі ұжымдары мен «Түрксой» ішекті аспаптар квартетінің қатысуымен концерт өтіп, келушілердің барлығы түркі халықтарының аспаздық өнеріне баға беретін дастарқан жайылды. Сондай-ақ түркі тілдес халықтардың мәдениеті бойынша жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар туристік сапарлар ретінде берілген жүлделерге ие болды.