БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан, Еуропалық парламент төрағасы Йоззел Боррель, АҚШ, Беларусь, Малайзия, Германия, Италия, Грекия, Канада, Үндістан, Грузия, Бельгия, Франция, Ұлыбритания және басқа да елдердің өкілдері Ресейде болған бірнеше лаңкестік әрекеттерді, оның ішінде Солтүстік Осетияның Беслан қаласындағы орта мектеп оқушыларын кепілдікке алу оқиғасын қатаң айыптап мәлімдеме жасады.
Дүниежүзілік көптеген конфессия өкілдері содырлардан кепілдегі адамдарды тез арада босатуды талап етті.
Сәрсенбіде шұғыл жиналған БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі "Бесландағы лаңкестік әрекет кезінде кепілдікке алынған адамдарды тез арада және қандайбір шартсыз босатуды талап етті". БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған мәлімдемеде "Солтүстік Осетиядағы мектепте адамдарды кепілдікке алу оқиғасын жиренішті лаңкестік әрекет" деп аталды.
"Халықаралық амнистия" атты құқық қорғау ұйымы да Солтүстік Осетиядағы шабуылды қатаң айыптады. "Балалар өміріне қатер төніп, олардың құқығы өретскел бұзылды",- делінген арнайы мәлімдемеде. "Халықаралық амнистия" құқық қорғау ұйымы "кепілдікке алынған адамдарға зардап шектірмей, тез арада шартсыз босатуды" талап етті. Ұйым сондай-ақ, Ресейдің билік органдарынан "қолданылатын қандайбір күш пен қару-жарақтың халықаралық стандартқа толық сай келуін" талап етті. "Біз билікті адамдар өміріне қауіп төндірмеуге шақырамыз",- делінген мәлімдемеде.
Ислам конференциясы ұйымы таратқан арнайы мәлімдемеде "ислам принциптерімен мүлдем қабыспайтын қылмысты әрекеттер қатаң айыпталған".
"Солтүстік Осетияның Беслан қаласында жаңа оқу жылы басталған күні мектепке қарулы шабуыл жасап, қорғансыз балаларды кепілдікке алу - бұрын-соңды адам құлағы естімеген жантүршігерлік лаңкестік әрекет, оны жүзеге асырушылар - өркениетті қоғамнан аласталған, адамшылықтан жұрдай жандар",- делінген ТМД мемлекет басшылары кеңесінің мәлімдемесінде. Құжатта атап көрсетілгеніндей, адамдық қасиеттен, рақымшылықтан жұрдай қаныпезерлер ғана мектеп оқушыларына қатысты мұндай жауыздық әрекетке барады.
Ресейдің "Новости" ақпараттық агенттігі тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, басып алынған мектеп маындағы ахуал қазір "салыстырмалы түрде тыныш" күйінде қалып отыр. Кепілдікке алынған оқушылардың ата-аналары мен туыстары Шұғыл штаб орналасқан мәдениет сарайы мен қалалық әкімшілік ғимаратының жанын күзетуде.
Содырлар кеше таңертеңгі салтанатты сап түзеу кезінде мектепті басып алған. Мектепті күзетуші тәртіп сақшылары шабуыл кезінде содырларға қарсылық көрсетті. Екі адам қаза тауып, 11 адам жараланды.
Соңғы мәлімет бойынша содырлар 354 адамды кепілдікке алған.