Хатико сияқты: Көкшетауда ит қайтыс болған иесін аурухана алдында 2 аптадан бері күтіп жүр

Төртаяқтының адалдығына тәнті болған қала тұрғындары мен аурухана қызметкерлері оны Жапон елінің әйгілі Хатикосына теңеп жатыр деп жазады Zhasalash.kz.

Степногор ауруханасына осыдан екі апта бұрын халі нашар ер адам жедел жәрдеммен жеткізілген болатын. Азамат бірнеше күннен кейін жансақтау бөлімінде көз жұмыпты. Ал, иесін әкеткен жедел жәрдем көлігіне ілесіп, ауруханаға дейін келген қара ит содан бері осы жерде.

«Ит ешкімге үрмейді, тиіспейді. Кіріп шыққан адамдардың түріне мұқият қарап қояды. Адамдардан бес метр алшақ жүреді», – дейді Степногор орталық қалалық ауруханасының дәрігері Тимур ӘЛІБАЕВ.

Иесінің ішке кіргенін көрген төртаяқты оның шығатынын күтіп жүр, дейді аурухана қызметкерлері. «Тазы-төбет-бөрібасар» федерациясының төрағасы Оралбек Қайсановтың айтуынша, итті аурухана маңынан алып кетудің бір ғана амалы бар.

«Жақсы көретін адамды ит сезіп тұрады. Сондай бір адам барып, қарғыбауын тағып, тамақ беріп ана жерден алып кетсе, ол үйренеді», – дейді «Тазы-төбет-бөрібасар» федерациясының төрағасы Оралбек ҚАЙСАНОВ.


Әзірге, итті алып кетуге ешкім ниет білдірмеген. Дәрігерлердің пайымдауларынша, иесі де жалғыз басты болған көрінеді. Яғни, иесіз қалған иттің өзіне жақын санайтын басқа ешкімі жоқ. Мамандардың айтуынша, ит адам бауыр басып қалғанша оған өле-өлелгенше адал қызмет етеді. Кей кезде олардың адалдығы адамнан да асып түседі. Тіпті иесі болмаған сәтте тамақ ішуден де бас тартады екен.

Аурухана қызметкерлері иттің қаңғырып кетпесе екен деп алаңдайды. Ал, иттің адалдығына тәнті болған қала тұрғындары оны жапондық Хатикоға ұқсатып жатыр.