«Хиджаб былай тұрсын, қыз-келіншектер ниқаб киюге көшіпті»: Танымал журналист Атыраудағы діни ахуалды айтып, дабыл қақты

Айтуынша өңірде теке сақал қойып, хиджаб пен ниқабқа оранғандар cаны тым көбейген, деп хабарлайды Сaravan.kz.

Бұл туралы ойын ол желідегі парақшасында мәлімдеді.

«Ұшақтың алдыңғы жағынан орын тиді. Ел аяғы басылды-ау дегенде әжетханаға шықтым. Онысы тұп-тура соңында екен. Ұшу уақыты қайта-қайта шегірілген еді, таңғы 7.35 тегі рейске бестен тұрып дайындалатының рас қой. Ел қалың ұйқыға кетіпті. Жол-жөнекей сақал қойған еркектер көзге еріксіз түсті. Қарайын деп қарамайсың ғой, ұшақтағының жартысынан көбі теке сақалы тікірейіп қорылға басыпты.
Екі-үш күн Исатай ауданында болып, бүгін Атыраудың орталық алаңын түсіріп жатқанбыз. Хиджаб былай тұрсын, етегі жер сүйреген қыз-келіншектер ниқаб киюге біржола көшіп алыпты. Тіпті жасөспірім қыздарын да орап қойған. Барлығы жастар. Мен қорқайын дедім, жо-жоқ, қорқып отырмын», - деді ол.

Көпшілік журналистің жанайқайын жоққа шығармаған. Олар Атырау облысында шынымен де діни ахуал қиын екенін ашық айтқан.


«Бұл жақта осылай оранғандар өте көп, бастапқыда сенбеп едім, кейін іс-сапармен барғанда өз көзіммен көрдім, қиын жағдай», «Өздерімен қоса балаларын да тұмшалап қояды, билік қайда қарап отырғанын білмейсің?», «Иә, дұрыс айтасыз, солай деп естідік» деп жазды олар.