ХХV Бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындарында Қазақстан намысын 42 спортшы қорғайды

"Екі жылда бір рет өтетін бұл дүбірлі додада Қазақстан құрамасы спорттың - мәнерлеп сырғанау, сноуборд, шаңғы жарысы, фристайл мен хоккей (ерлер командасы) сияқты түрлері бойынша қатысады. Делегация құрамындағы 59 адамның 42-сі спортшылар болмақ. Өзгелері бапкерлер, дәрігерлер",-дейді ҚР Студенттер спорты федерациясының бас хатшысы Жаснұр Ақеділ.

Оның айтуынша, VII қысқы Азия ойындарымен тұспа-тұс келуіне байланысты Бүкілемдік қысқы универсиада ойындарына Қазақстан құрамасының үздіктері қатыса алмайды. Жалпы, студенттер арасындағы бұл универсиадаға 18 бен 28 жас аралығындағы спортшылар ғана қатыса алады. Онда бапкерлер мәнерлеп сырғанаудан Әділ Жарболов, шаңғы жарысынан Евгений Кошевой, фристайлдан Дарья Рыбаловаға зор үміт артып отыр.

Бұған дейін 2009 жылы ақпанның 18-і мен 28-і аралығында Қытайдың Харбин қаласында өткен XXIV қысқы универсиада ойындарында қазақстандықтар спорттың 5 түрі бойынша сынға түскен еді. Онда отандастарымыздан Валерий Криченко баптайтын хоккейші жігіттер төртінші орынды қанағат тұтты. Мұндай нәтижеге Николай Улитин жаттықтыратын конькимен жүгірушілер арасында Денис Кузин де ие болды. Ал шаңғышы қыздар үздік бестікті түйіндеді. Онда командалық есепте бірінші орынды 34 медаль иеленген Қытай құрамасы алды. Одан кейінгі орындарды Ресей (21 медаль), Корея (7 медаль), Жапония (10 медаль) мен Швейцария (5 медаль) спортшылары бөлісті.