Хоккей: «Барыс» «Ақ Барсты» жеңе ала ма?

Ойын кешкі сағат 19:00-де Қазақстан спорт кешенінде басталады. Оны тікелей эфир арқылы «Астана» телеарнасынан көруге мүмкіндік бар.

Негізі, Құрлықтық хоккей лигасы басшылығының «Барысқа» қатысты саясаты қатты болып тұр. Биыл да алғашқы ойындарда олар қазақстандық хоккей клубына қарсы кілең мықтыларды шығарды. Мәселен, алғашқы кездесуде біз «Динамоға» қарсы ойнадық. Есеп - 5:1. Одан кейін күні кеше ғана ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Кубогын алып кеткен «СКА» (Санкт-Петербор) командасынан 7:3 есебімен оңбай жеңілдік. Ал соңғы матчта «Авангардқа» есе жіберіп қойдық. Есеп - 4:3. Бірақ осы ойында «Барыстың» жігіттері 3:1 есебімен жеңіліп тұрып, ойынның соңғы кезеңінде таразы басын теңестіре білді. Одан кейін қосымша уақытта бір шайбаны жіберіп қойып, қарсыластарына жол беруге мәжбүр болды.

Енді, бүгін «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының көшбасшысы - «Ақ Барспен» кездеседі. Үш жыл қатарынан біз оған жеңіліп келеміз. Бір қызығы, өткен жылы ғана осы команданы жаттықтырған Владимир Крикунов бүгінде «Барысқа» бапкер болып жүр. Бәлкім, соның көмегімен осы жолғы ойын біздің пайдамызға шешіліп қалар. Ал бұдан кейінгі ойында «Барыс» «Салават Юлаевпен» кездеседі. Ол өткен жылы Құрлықтық хоккей лигасының жеңімпазы атанып, Гагарин кубогын ұтып алған болатын.