Хоккей: «Барыс» «Локомотивті» жерге қаратты

 Бұл ойында төрешілердің әділетсіздік көрсеткеніне қарамастан, «Барыс» хоккейшілері жеңісті қолдан бермей, қарсыласын қапы қалдырды.

Ойынның алғашқы шайбасын «Локомотив» салып кетсе де, «Барыстың» хоккейшілері таразы басын теңестіріп қана қоймай, бір шайбамен алға да шықты. Бұл жолы Михаил Рахманов пен Найджел Доус ерекше көзге түсті. Алайда бірінші кезеңнің аяқталуына санаулы секундтар қалған кезде қарсыластар бір хоккейшіге артық ойнап, Ари Ахоненді қапы қалдырды. Есеп теңесті - 2:2.

Екінші кезең қарсыластардың сәтті шабуылынан басталды. «Локомотив» алға шықты. Осыдан кейін «Барыс» командасында таразы басын теңестіру үшін тамаша мүмкіндіктер бар еді, тіпті бір ойыншыға артық ойнаған кезіміз де болды. Дегенмен, оны да пайдалана алмадық. Осымен екінші кезең де аяқталды. Есеп - 2:3.

Үшінші кезеңде «Барыс» өз шабуылдарын үдетіп, қарсыластар қақпасын торуылдаумеен болды. Осы кезде төрешілердің әділетсіздігі барынша байқалды. Олар болмашы жерде ойынды тоқтатып, «Барыстың» қарқынын тежеуге тырысты. Алайда ойынның аяқталуына төрт минут қалған кезде, Константин Руденко «Локомотив» қақпашысын қапы қалдырып, есепті теңестірді. Ал екі минут өтпей, Найджел Доус өз орнынан табылып, «Барысты» алға шығарды. Есеп - 4:3. Соңғы минуттарда «Локомотивтің» бапкері қақпашыны алып тастап, алтыншы ойыншыны шығарды. Сол кезде қарсыластар біздің қақпамызға біраз қысым жасады. Дегенмен, «Барыс» шайбаны өз алаңынан шығара білді. Ал Максим Спиридонов оны бос тұрған қақпаға бағыттады. Қорытынды есеп - 5:3.


Осылайша, соңғы төрт минуттың ішінде ойынды өз пайдасына шеше білген «Барыстың» хоккейшілері тағы үш ұпайға ие болып, жалпы турнирлік кестеде бірден үшінші орынға көтерілді. Келесі ойында «Барыс» биылғы чемпионаттың фавориті - «СКА» (Санкт-Петербор) командасымен кездеседі.