Хоккей: «Барыстың» бүгінгі қарсыласы - «Витязь»

Естеріңізде болса, соңғы ойында «Барыс» ресейлік «Юградан» басым түскен болатын. Ол матчта қарсыластар есеп ашып, бірден екі шайбамен алға шықса да, «Барыстың» хоккейшілері екінші кезеңде таразы басын теңестіре білді. Ал үшінші кезеңде есеп өзгермеді. Сондықтан буллит соғуға тура келді. Мұнда Талғат Жайлауов пен Найджел Доустың мергендігін ерекше атап өткен жөн. Әрине, қарсыластың екі бірдей буллитін шебер қайтара білген қақпашы Виталий Еремеевтің де еңбегі зор. Қорытынды есеп 5:4. Соңғы екі ойынның нәтижесі бойынша «Барыс» турнирлік кестені бастап тұр.


Айта кетейік, осымен төртінші мәрте өтіп жатқан додаға төрт команда қатысуда. Олар - астаналық «Барыс», «Югра» (Ханты-Мансийск), «Амур» (Хабаровск) және «Витязь» (Подольск). Былтыр осы жарыста ҚР Президенті кубогын «СКА» (Санкт-Петербург) командасы олжалап кеткен балатын.

Бүгінгі ойын Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында кешкі сағат 19:00-де басталады. Оны «Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфир арқылы көруге болады. Финалдық кездесулер ертең, 13 тамызда өтеді.