Бұл тартыста «Барыс» командасы омбылық «Авангард» командасымен сайысқа түсті. 2 қарашада астаналық командамен болған додада омбылықтар жеңіліс тапқан еді, ал кешегі кездесуде керісінше қонақтар басым түсті.
Сонымен, ойынның бірінші кезеңінде астаналық команданың оқтын-оқтын шабуылдары қарқынды болғанымен шайба салудың реті келмеді. Бұл жерде жанкүйерлер қонақтардың қақпашысының шеберлігіне таңдай қағумен болды. Ол шайбаны доптаяқпен тежеумен қоймай, бірнеше мәрте шайбаны қолмен де қағып алып, жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Алайда, кешегі доданың 2 кезеңінде де қос команда есеп ашуға қауқарлы болмады. Тек үшінші кезеңде омбылықтар қатарынан үш шайба салып, бұл тартысты жеңіспен түйіндеді. Ойын 0-3 есебімен «Авангард» командасының ұтысымен аяқталды. Қос команданың кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында астаналық хоккейшілердің бас жаттықтырушысы Андрей Хомутов ойыншылардың шабуылын әлі де шыңдау керектігін атап өтті. «Ойын өте жылдам болды. Жігіттердің барлығы тырысып-ақ ойнады. Алайда менің ойымша, біз бұдан бұрынғы қателіктерімізді қайталап отырмыз, яғни шабуыл кезінде қақпаға шайба қағу сәттері аз секілді. Сондықтан гол салуда кемшіліктер орын алды. Атап айтқанда, қақпаға бағытталған шайба неғұрлым көп болса, осыған сәйкес есеп ашу мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан осы бағытта әлі де жұмыс істеу қажеттілік етеді»,- деді ол.
«Барыс» командасының алдағы ойыны 29 қарашада Череповец қаласында «Северсталь» командасымен болады.