Хоккей: Қазақстан құрамасы Ұлыбритания хоккейшілерін 2:1 есебімен жеңді

Матч кезінде Қазақстан құрамасының сапын ҚХЛ-дің «Атлант» командасынан келген Виталий Колесник, Максим Семенов және Дмитрий Уппер толықтырған болатын. Ойынның алғашқы жиырма минуттығының жалғыз шайбасын еуропалықтардың тәжірибелі хоккейшісі Давид Логнстафф салды. Екінші айналымда Андрей Гаврилин командалардың таблодағы есебін теңестірді. Соңғы кезеңде Хомутов шәкірттері белсенділіктерін арттырып, нәтижесінде ойынның аяқталуына 5 минут қалғанда қарсыластарға гол соқты. Бұл ойындағы жеңісті шайбаның авторы - Дмитрий Дударев.

Бұның алдындағы ойында Қазақстан құрамасы Эстонияны 5:1 есебімен тізе бүктірген болатын.

Жерлестеріміздің келесі матчы Литва командасымен арада өтеді. Содан соң қазақ хоккейшілері осы топта әлі жеңіліп көрмеген тағы бір құрама Польша жігіттерімен айдынға шығады. Топтағы соңғы кездесу Украина құрамасымен болмақ.