ХҚДБ Қазақстанда энергия тиімділігін арттыруға 21,7 млн доллар бөледі - Парламент

Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтың айтуынша, келісімге сәйкес, халықаралық банк Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру жобасына грант бөлуді қарастырады. Оның жалпы сомасы 21 млн. 763 мың АҚШ долларын құрайды. 

«Аталған қаражат мемлекеттік нысандарды, атап айтқанда мектептер, балабақшалар, ауруханалар секілді әлеуметтік объектілерді, сондай-ақ көшелерді жарықтандырудағы энергия тиімділігін арттыру бойынша жобаларды іске асыруға бағытталады. Бұдан бөлек, халықаралық банктің қаражаты осы саладағы бағдарламалар мен базаларды жетілдіруге де жұмсалады», - дейді министр Ә.Исекешев.

Оның айтуынша, жоба 2017 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады. Ал Халықаралық Қайта Құру және Даму банкінің ұсынатын энергия тиімділігін арттыру бағытындағы гранты еліміздің стратегиялық міндеттеріне сәйкес келеді.

Айта кетерлігі, жоба инвестициялық және техникалық көмек көрсету секілді екі құрамдастан тұрады. Оның біріншісі бойынша мемлекеттік және әлеуметтік нысандардың энергия тиімділігі бағытындағы инвестициялық тартымдылығын 17,7 млн. долларға дейін арттыру көзделеді. Бұның аясында әлеуметтік саланың 70-ке тарта нысанын қайта жарақтандыру қарастырылып отыр. Екіншіден, техникалық көмек көрсету бағытында институционалдық, нарықтық тетіктерді дамыту, орнықты энергетиканы қалыптастыру мәселелері қамтылады.


Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.