Храпунов шетел асуды Алматы әкімі қызметінен кеткенде-ақ жоспарлаған


Оңтүстік астананы басқарған тұста Храпуновтардың иелігінде «Гефест» риэлторлық компаниясының, «Столичная жизнь» газеті, мейрамханалар мен бірнеше бизнес орталық және «Базис-А» құрылыс компаниясының 40 пайызы болған. Сонымен қатар жуырда ғана ашылған «Есентай-парк» кешені орналасқан жер де экс-әкімнің меншігінде тіркеліпті. Құлқыны кең шенеунік тықырдың таянғанын алдын ала сезсе керек. Алматыдан Шығыс Қазақстан облысы әкімі болып ауысқан кезден-ақ мүліктерін түгел сатып, қаражатты Швейцарияда ашылған Phoenix компаниясының активіне ауыстыра берген. Сөйтіп кезінде тиынға алған зәулім ғимараттарды миллиондап сатыпты. Тіпті Алматыдағы жаңа әуежай құрылысын жүргізу үшін шетелдік компаниялардан 53 млн долларға несие алып, жауапкершілікті қала әкімдігіне жүктеген. Ең қызығы, әуежайдағы қызмет ету құқығын швейцариялық Phoenix компаниясы жеңіп алған екен. Естеріңізге сала кетейік, Храпуновтардың Қазақстанда жинаған қыруар қаржының қайдан келгендігін қазір Женева прокуратурасы тергеп жатыр.