"Хрусталь балаға" көмек қажет

Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Науқастың анасы жуырда шетелдік клиникадан шақырту алған. Алайда тұрмысы төмен отбасының ем-домға беретін қаржысы жоқ. 

Бақдәулеттің жасы бесте. Оның ой-өрісі жақсы дамығанымен жүріп-тұруы мұң. Тек жамбасын сүйретіп қозғалатын балақайға артық қимыл жасау қауіпті. Сондықтан анасы Гүлнұры Мырзахметова өз еркімен жұмыстан шығып, ертелі-кеш баласының соңында жүр. 

Бақдәулеттің аяғы туғанына екі апта болғанда алғаш рет сынған. Кінәні өзінен көрген әйел оған аса мән бермей емдетіпті. Алайда одан кейін сүйектерінің сынуы жиілеп, үш жасына дейін екі мәрте ота жасатқан. Бірақ нәтижесіз. Гүлнұры Мырзахметова ұлының қол-аяғының неше рет морт кеткені есінде жоқ.      

"Екі жарым жасына дейін, яғни операция жасатқанға дейін 28 рет сынды. Қолы бар, аяғы бар. Дәрігерлер сіздің көзіңізге көрінбей жатқан қаншама сынық бар дейді. Кейде иықтарын көтере алмайды, кәдімгідей төмен түсіп кеткен" дейді Г.Мырзахметова.

Анасы Бақдәулетке жүруді үйреткісі келеді. Алайда баласы сүйектері жиі сынатындықтан екі тірсегіне темір салынса да табанын тіреуге жүрексінеді. Отандық дәрігерлер бұл аурудың алдында дәрменсіз екенін мойындаған. Осы жасында ем қомбайтынын ескерткен ақхалаттылар есейгенде ауруынан айығуы мүмкін екендігін айтқан. Алайда Гүлнұры бауыр еті баласын ер жеткенше еңбектетіп қойғысы келмейді. Сондықтан шетелдік мамандарға жүгінген.   


"Балама кішкене ем жасалса, жүріп кетеді деген сенімдемін. Дуал жағаласа да, жүрсе екен. Соған халық көмек берсе, жақсы болар еді" дейді үмітін үзбеген ана.

Қытайдағы клиникадан шақырту алған ананың қуанышында шек жоқ. Бар үміті соларда. Алайда Бақдәулетті емдету үшін 7 млн. теңгеге жуық қаржы керек. Тұрмысы төмен отбасының мұнша ақшасы жоқ. Ауылдастары шамасына қарай теңге жиып бергенімен жеткіліксіз. Сондықтан жомарт жандарға алақан жаюға мәжбүр.  

Отбасының телефон нөмірі: +7 777 464 53 48;  +7 (726 44) 2 01 03