Киім-кешек алу үшін Қытайға барған әйелдер жолда үсіп қала жаздады

Қарағанды облысы полициясы автобусы бұзылып, трассада алып қойған әйелдерді құтқарды, деп хабарлайды облыстың жергілікті полиция қызметі.

3 желтоқсанда күндіз полицейлер Саламат Қабылғазыұлы мен Жансаят Қасымбеков Алматы-Екатеринбург тас жолында тұрып қалған автобусты байқайды.

"Автобусты көріп қалдық. Жанармайы қатып, жол ортасында тоқтап қалыпты. Салонда 28 әйел болды, шоп-тур аясында Қытайға барып, сауда-саттық жасап келе жатыр екен", — дейді Жансаят Қасымбеков.

Әйелдер он сағаттан артық аязда тұрыпты. Автобусты итеріп, жолай өткен көліктерден көмек сұраған, алайда ешкім тоқтамаған.

Киім-кешек алу үшін Қытайға барған әйелдер жолда үсіп қала жаздады


"Жолшыбай көліктерді тоқтатып, әйелдерді үйлеріне жібере бастадық, автобусты сүйреу үшін жүк көліктерін тоқтатуға тырыстық. Әйелдердің біразын жылынып алу үшін Ақшатау ауылына апарып салдық", — деп жалғастырды Қасымбеков.

Жол-патрулдік полиция батальонында жұмыс істеп жүргеніне бір жылдай болған полицейдің айтуынша, жолда әртүрлі жайттар болып тұрады, бірақ жүргізушілер көмектесудің орнына өтіп кетеді екен.