Әлеуметтік желіде қазақ үйде жартылай жалаңаш билеген жігіт пен екі қыздың бейнесі көптің ашуына тиіп, қоғамдық резонанс тудырған болатын, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Жастардың қалай жазаланатыны туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратура мәлімдеме жасады.
Киіз үйде өкшелі аяқ киім мен ашық киінгендерді жазалау туралы Самат Мұсабаев құзырлы органға өтініш жолдаған.
Бейненің Алматы облысының Қарасай ауданында түсірілгені анықталды.
“2024 жылы 1 шілдеде Қарасай аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігі бойынша "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады", - деп хабарлады Бас прокурор Берік Асылов.
Бұл жерде сөз болып отырған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деп аталатын 174-ші бабы ең жоғары дегенде, 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сондықтан сарапшылар егемендікке, жердің тұтастығына, тәуелсіздікке, мемлекеттікке қарсы бағытталған қылмыстар болмаса, желікпе жастардың ағат қылықтарын бұлай айыптауға асықпауға шақырған болатын.
Аталған бап бойынша егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе оларға жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы көзделген. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, жартылай жалаңаштанған бишілердің ниетін бір бейне арқылы анықтау мүмкін емес екен.