Кипрда эпостанушылар симпозиумы өтті

Симпозиумның ашылуында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қазіргі заманғы руханияттың өзекті мәселелерін айта келіп, әлемдік мәдени үрдістерге түркілердің де ілесуі қажет екендігіне тоқталды.

Түркия, Иран, Қазақстан, Әзірбайжан, Алтай, Саха (Якутия) т.б. елдерден келген эпостанушы мамандар өз мемлекеттеріндегі рухани мұраны зерттеуге қатысты жаңа жетістіктермен, тың көзқарастармен таныстырды, бүгінге дейін жасалған жоралғы жобаларды ұсынды. Симпозиумның тағы бір ерекшелігі - мұнда эпос зерттеушілерімен қатар эпос орындаушылары да шақырылып, жиынның ашылу рәсімінде жыршылар өнері тамашаланды.

Түркі халықтары эпостанушыларының басын қосқан бұл шараға Қазақстан атынан белгілі фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасов, жыршы Алмас Алматов, «Қорқыт» фильмінің режиссері Берік Барысбеков бастаған бір топ маман қатысты.

Симпозиумда Қазақстан мәдениетіне қатысты екі бірдей тұсаукесер жасалды. Біріншісі, ғалым-жазушы, белгілі әдебиеттанушы, профессор Немат Келімбетовтың «Түркі халықтарының ортақ әдеби ескерткіштері» атты кітабының түрік тіліндегі басылымы оқырманға, ғылыми ортаға таныстырылды.

Екіншісі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясының жобасымен қазақ режиссері Берік Барысбеков түсірген «Қорқыт» атты документальды фильмінің де тұсаукесер көрсетілімі осы симпозиумда жасалды. Айта кетерлігі, бас-аяғы 45 минуттық бұл туынды Италия, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан республикаларында түсірілді.

Симпозиум қорытындысында келесі жылы Қорқыт Атаның кіндігі кесілген қасиетті Сыр бойында көне мұраларымызды қайта жаңғыртуды мақсат тұтқан мамандар басын қосу туралы ұсыныс мақұлданып, жиынға келген ғалымдар «Қазақстанда кездескенше» деп тарасты.