Клиенттің, қызметкердің немесе баланың суретін әлеуметтік желіде жарияламас бұрын нені ескеру керек?

Сaravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты толық түсіндіреді. 

Қазір әлеуметтік желі кез келген бизнес үшін жарнама құралына айналғанын білеміз. Көптеген компания өз жұмысын Instagram мен TikTok арқылы халыққа көрсетеді, клиенттердің пікірін жариялайды, қызмет көрсету барысын түсіреді, қызметкерлермен таныстырады, іс-шаралардан фото-видео бөліседі. Заңды тұрғыдан қарамасақ, бизнес үшін барлығы "жай контент" сияқты.

Алайда 25 тамыздан бастап мұндай контентке қатысты заңның айтары басқа. Себебі бұл күннен бастап «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Заңда адамның бет-бейнесі дербес деректердің идентификаторларының бірі ретінде тікелей көрсетілген.

Айта кеткен жөн, бұған дейін де адамның бейнесі заңмен қорғалып келген. Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің 145-бабы бойынша адамды оның келісімінсіз бейнелеуге, сондай-ақ оның бейнесі бар фото, фильм және басқа да материалдарды жариялауға, пайдалануға және таратуға, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, жол берілмейді. 

Енді контент жарияламас бұрын, оның құқықтық салдарын ескерген жөн. Себебі кадрда адамның жүзі анық көрінетін болса, ол жай ғана сурет емес, дербес деректерге қатысты мәселеге ұласуы мүмкін. 

Сондықтан клиенттің немесе қызметкердің суретін әлеуметтік желіге жариялау кезінде оның келісімі бар-жоғы ескерілуі керек. Әсіресе фото коммерциялық мақсатта қолданылса, мәселеге өте мұқият қараған дұрыс.

Суретке түсіруге келісу — жариялауға келісу емес

Заңгер Александр Даниловскийдің айтуынша, адамның суретін түсіруге берген келісімін оның фото немесе видеосын әлеуметтік желіде жариялауға берілген келісіммен теңестіруге болмайды.

Мысалы, қызметкер компанияның ішкі шарасына түсірілген фотоға қатысуға келісті делік. Бұл оның суретін кейін компанияның Instagram парақшасына немесе жарнамалық материалдарына орналастыруға автоматты түрде рұқсат берді деген сөз емес. Сондықтан келісімнің мақсаты нақты көрсетілгені дұрыс: сурет қайда жарияланады, қандай мақсатта пайдаланылады және қанша уақыт сақталады.

«Бәрі осылай істеп жүр» деген түсінік компанияны жауапкершіліктен қорғамайды.

«Ол фотоны өзі жариялаған» деген уәж жеткілікті ме?

Адам өзінің суретін Instagram-дағы жеке парақшасына жариялайды. Кейін компания сол суретті алып, өз парақшасына немесе жарнамасына орналастырады. Мұндай жағдайда «сурет онсыз да ашық тұрды» деп ойлау жеткіліксіз. Адамның өз парақшасында фото жариялауы оны кез келген мақсатта пайдалануға автоматты түрде рұқсат бермейді.

Әсіресе сурет коммерциялық жарнамаға немесе компанияның өнімін насихаттауға қолданылса, адамның келісіміне қатысты мәселе туындайды.

Балалардың суретіне келгенде талап қатаң

Балабақша, дамыту орталығы, спорт мектебі мен түрлі үйірмелер әлеуметтік желіде өз жұмысын көрсетуге тырысады. Сабақтардан, жарыстардан, қойылымдардан түсірілген видеолар жиі жарияланады.

Алайда кадрда баланың жүзі анық көрінсе, мұнда ата-ананың немесе заңды өкілінің келісімі маңызды.

Мысалы, ата-ана баласының белгілі бір үйірмеге баруына келісім бергенімен, бұл оның суретін мекеменің Instagram парақшасына немесе жарнамасына жариялауға автоматты түрде рұқсат берді дегенді білдірмейді.

Сондықтан балалармен жұмыс істейтін ұйымдар түсірілім мен жарияланымға қатысты келісімді алдын ала нақтылап алғаны дұрыс.

Cкриншот та мәселе болуы мүмкін

Дербес деректер мәселесі адамның суретімен ғана шектелмейді.

Кейбір компаниялар клиенттердің пікірін, WhatsApp-тағы хат алмасуды, тапсырыс туралы ақпаратты немесе төлем жасалғанын растайтын чектерді әлеуметтік желіге жариялайды.

Егер олардың ішінде адамның аты-жөні, телефон нөмірі, ЖСН-і, мекенжайы немесе басқа да жеке мәліметтері көрініп тұрса, мұндай жарияланым да құқықтық тәуекел туғызуы мүмкін.

Сондықтан әлеуметтік желіге кез келген скриншот немесе құжаттың суретін салмас бұрын ондағы жеке мәліметтерді жауып тастаған жөн.

Айыппұл қанша?

Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабында дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу үшін жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері кімнің және қандай жағдайда заң бұзғанына байланысты белгіленеді. Атап айтқанда: 

Ал дербес деректерді қорғау талаптары сақталмай, соның салдарынан ақпарат жоғалса немесе заңсыз жиналып, өңделсе, жауапкершілік күшейеді.

Мұндай жағдайда шағын бизнеске 750 АЕК-ке дейін, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

2026 жылы 1 АЕК - 4 325 теңге. Яғни 750 АЕК - 3 млн 243 мың 750 теңге, ал 2000 АЕК - 8 млн 650 мың теңге.

Бірақ бұл сомалар кез келген фото үшін автоматты түрде салынатын айыппұл емес. Нақты жаза құқық бұзушылықтың сипатына және оның мән-жайына қарай анықталады.

Кей жағдайда мәселе қылмыстық жауапкершілікке де ұласуы мүмкін

Дербес деректерді заңсыз тарату белгілі бір жағдайда қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.

Қылмыстық кодекстің 147-бабында заңмен қорғалатын дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу немесе таратуға қатысты жауапкершілік көзделген. Егер мұндай әрекет адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, жаза қатаңдауы мүмкін.

Алайда әлеуметтік желіге жарияланған кез келген фото қылмыс болып саналмайды. Мұнда нақты жағдай, әрекеттің сипаты және келтірілген зиян ескеріледі.

Бизнес нені ескеруі керек?

Мұндай тәуекелдің алдын алу үшін компанияларға бірнеше қарапайым қағиданы есте ұстаған жөн.

Фотоға немесе видеоға түсіру мен оны әлеуметтік желіге жариялау мәселесін бөлек қарастырған дұрыс. Келісімде суреттің қайда және қандай мақсатта қолданылатыны нақты көрсетілгені жөн.

Балалардың суреті жарияланса, заңды өкілінің келісіміне ерекше назар аудару қажет.

Ал клиенттердің чектері, құжаттары, хат алмасуы немесе тапсырыстары көрсетілген материалдарда телефон нөмірі, ЖСН, мекенжай сияқты жеке мәліметтер болса, оларды ашық жариялауға болмайды. Сондай-ақ адамның суреті интернетте бар екеніне қарап, оны кез келген жерде пайдалануға болады деп ойламау керек.

Әлеуметтік желідегі бір ғана фото компания үшін үлкен құқықтық мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан контент дайындағанда оның тек тартымдылығын емес, онда басқа адамның құқығы бұзылмайтынын да ескерген жөн.