Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы тілшісіне айтты.
«Көбі ақша үшін кеңірдегін жыртып жүр. Кейбірі шектен шығып та кетеді. Сондықтан, блогерлердің жарнамасын қарағанда мұқият болыңыздар. Кемі бір күн ойланып барып шешім қабылдағаныңыз жақсы. Эмоцияға жол беріп, блогерлерге көзсіз сеніп, қате шешім қабылдаудың соңы неге жеткізіп жүргеніне куә болып жүрсіздер.
Әрбір адам тезірек байығысы келеді. Қаржылық пирамидалар адамның ішіндегі азартын оятады. Оларға сенім ұялаттыратын блогерлер. Оларға ел сенеді. Себебі, блогерлер адамдардың ең жанды жеріне тиіп, діни терминдерді қолданып сөйлейді. Жарнамадан келген бастапқы 100 адам пирамидасының да, сол секілді басқа дүниесінің де қызығын көретін шығар. Ал, қалғаны алаяқтықтың құрбаны болады», - дейді психолог.
Сондай-ақ, психолог жуырда ғана 90 миллиондық көлігін «өртедім» деп, қазір сол көлігін ұтысқа тігіп, ГИВ ұйымдастырып жүрген Нұрдаулет Бектұрсынның әрекетін «хайп үшін блогерлер өтірік айтудан да тайынбайтын болып алды» деп сөкті.
«Жасап жатқан дүниесіне бірден сене салмайық. Блогерлер аудитория санын көбейту үшін бәріне баратын болып кетті. Анализ жасап, ойлана білейік», - дейді А. Көшербаев.