Қоғам саяси мәдениет сатысында келесі қадамға көтерілді – саясаттанушы 

«Еститін мемлекет» тұжырымдамасы 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келгенінен азаматтық қоғам қалыптастыру мақсатында жасаған алғашқы қадамы. Caravan.kz медиа порталы халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы қалай іске асып жатқаны туралы саралап көрді.

Еститін мемлекеттің мағынасы - халық пен билік арасында ортақ алаң қалыптастыру. Саясаттанушы мамандар бұл идеяны халықтың талаптары мен ұсыныстарын ескеретін, ашық және есепті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам ретінде санайды. Билікпен халықтың өзара байланысын нығайту әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың тиімді әдісі екенін де алға тартады. Екі тараптан толықтай ортақ түсінік қалыптасқан кезде, билік пен халық арасында бірегей ортақ платформа қалыптасады. Сол кезде «Еститін мемлекет» қана емес, белсенді қоғам қалыптасады.

Халық үніне құлақ асатын мемлекетті қалыптастыру бірнеше факторларға негізделген. Біріншісі, азаматтардың саяси-қоғамдық белсенділіктері арқылы жүзеге асуы. 

Мемлекет басшысының ел басқарып отырғанына бес жыл уақыт болды. Осы уақыт ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар саяси реформаларды жүзеге асырды. 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстанда ел Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша референдум өтті. Бұл шара Президенттің саяси реформаларының бір бөлігі ретінде азаматтық қоғамды күшейтуді көздеген. Референдумның азаматтық қоғам қалыптастыруға берген серпіні мықты болды. 

Референдум барысында Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізу ұсынылды, олардың мақсаты Президенттің өкілеттігін шектеу, Парламент пен мәслихаттардың рөлін күшейту, саяси партиялардың жұмысын жеңілдету және азаматтардың құқықтарын кеңейту болды. Саясаттанушылар мен сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер азаматтық қоғамға ықпал етіп, халықтың саяси процеске қатысуын ынталандыруға жол ашты.

Конституцияға енгізілген өзгерістердің бірі - азаматтардың жергілікті басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейту. Бұл өзгерістер халықтың саяси белсенділігін арттыруға, азаматтық қоғам институттарын күшейтуге жағдай жасады. 

Референдумға ел халқының 68,06%-ы қатысты. Бұл 8,3 миллионнан астам адамды құрайды. Дауыс бергендердің 77,18%-ы Конституцияға енгізілетін түзетулерді қолдады, ал 18,66%-ы қарсы болды. Бұл дегеніміз, халықтың басым көпшілігі елдегі саяси өзгерістерді қолдайтынын және оған тікелей әсер ете алатынын білдіреді.

2022 жылғы референдум азаматтық қоғамды қалыптастыруға оң серпін берді деп айтуға болады. Себебі ол халықтың саяси процеске қатысуын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. 

Ел тағдырындағы екінші маңызды саяси науқанның бірі - ол биылғы АЭС салу бойынша өткен референдум. Себебі халық билікті емес, билік халықты естігісі келді. 1990-жылдардан бері айтылып келген өзекті мәселенің нүктесін Президент биыл қойды. Өзі емес, билік емес, халықтың пікірі арқылы шешім қабылдауды дұрыс деп санады. Сол себепті экономикалық тұрғыдан елдің болашағына халықтың да атсалысуы «Еститін мемлекет» құру жолындағы негізгі фактор болып отыр.

«Бұл референдумның екі ерекшелігін атам өткім келеді. Біріншісі, біздің қоғамда саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетті. Халық АЭС бойынша әлеуметтік желіден, қоғамдық талқылаулар мен белсенді азаматтардың арқасында алдын ала хабардар болды. Президент те Ұлытауда, Атырауда өткен құрылтайларда АЭС мәселесін жиі айтып жүрді, қыркүйектегі жолдауында нақты күнін белгіледі. Сол себепті халық биылғы сайлауда ел тағдырында шешуші рөл атқаратынын, өздеріне жауапкершіліктің жүктелгенін сезінді. Байқағаным, ел тұрғындары мамыражайлы, еркін түрде сайлау учаскелеріне келіп, дауыстарын берді. Дәстүрлі түрде лидер аймақтар бар. Ол Қызылорда, Шымкент, Түркістан қалалары. Бұл өңірлерде 70-пайызға жуық халық дауыс берген», - деді саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев. 

Маманың айтуынша, біздің қоғам саяси мәдениет сатысында келесі қадамға көтерілді. Бұл саяси оқиға халықтың пікірін еркін білдіру мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдағы талқылау деңгейін жоғарылатты. Дауыс беру мүмкіндігі бар 12 миллион халықтың 63,66-пайызы қатысты. Оның ішінде 71,12% қолдады. 

«Еститін мемлекет» тұжырымдамасы халыққа қол жетімді цифрлық платформалар арқылы да қарқынды жүзеге асып келеді. 

Халық үнін есту үшін Президент әкімдер мен шенеуніктерге әлеуметтік желіде белсенді болуды тапсырды. Қазір барлық құзырлы органдардың ресми парақшалары интернет кеңістігінде бар. Қоғамдағы мәселелер әлеуметтік желі арқылы тез тарап, азаматтық пікірлері үкіметтің құлағына жетіп жатыр.

«Ақпаратқа қол жетімділік және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасы қаралып жатыр. Бұл заң еліміздегі саяси процестерді демократияландыру, қоғамдық процестердің ашықтығын қамтамасыз етудегі прогрессивті қадам. Заңның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің, құзырлы органдардың уақытылы ақпаратты бермегені үшін, созу фактілері кездесетін болса нақты жауапкершілік қарастырылған. Яғни, барлық мемлекеттік мекемелердің жұмыстары ашық болуын, сондай-ақ бюрократияны болдырмау жөнінде тетіктер көретілген. Бұл заң біздің еліміздегі демократияның нақты нышаны болып табылады», - деп жақсы жаңалықпен бөлісті мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. 

Мысалы «Ашық үкімет» платформасы. (Open Government).  Ашықтық пен халыққа есеп беру принциптерін алға қоятын алаң. Бұл диалог алаңы арқылы азаматтар мемлекеттік органдарға сауалдар жолдап, олардың жұмысын бақылап, бюджет қаражаттарын қадағалай алады. Платформаның іске қосылғанынан бері ашық деректердің жариялануы мен оларды талқылау азаматтардың саяси процеске белсенді қатысуына мүмкіндік беретін нәтиже беріп отыр. 

Dialog.egov.kz сайтында квазимемлекеттік сектор ұйымдары басшыларының блог-платформасы бар. Сондай-ақ халықтан түскен өтініштердің саны мен оларға жауап берілгені туралы статистика да көрсетілген. 

«Е-өтініш» жүйесі халық үніне құлақ асатын мемлекет саясатындағы жасалған тағы бір жоба. Бұл жүйе азаматтардың ұсыныстары мен шағымдарын мемлекеттік органдарға жылдам жеткізіп, олардың шешімін бақылауға мүмкіндік берді. 

«Бюджетке қатысу» жобасы арқылы ел тұрғындары жергілікті бюджеттерді бөлу процесіне қатыса алады. Қазақстанның бірнеше өңірінде жүзеге асатын аталмыш жоба арқылы қоғам мемлекет бюджеті қайда бөлініп жатқаны туралы хабардар болып қана қоймай, ұсыныстарын тастап, өз ауданындағы инфрақұрылымдық жобаларға тікелей қатыса алады. 

Қоғамдық кеңестер – мемлекеттік басқару органдары мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін құрылған консультативтік-кеңесші органдар. Олар қоғам мен биліктің өзара әрекеттесуін нығайтуға және мемлекеттік шешімдерге халықтың араласуына бағытталған. Осы кеңестер арқылы жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мемлекеттік басқару жүйесіне енгізіле бастады. Қазір елімізде  234 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 16-мыңнан астам ұсыныс қабылданған. Олардың 75 пайызы нақты шешімдерге ықпал етті. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары да ашық жүргізіле бастады. Агенттік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және ресми сайтында ел бюджетіне қанша қаражат қайтарылғаны, активтер мен мүліктер жайлы статистиканы беріп отырады. Мысалы биыл жемқорлардан ел бюджетіне шамамен 150 миллиард теңге қайтарылды. Бұл қаржының бір бөлігі апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуге жұмсалса, қалған бөлігі әлеуметтік нысандар салуға жұмсалады. Яғни, жемқорлардан қайтарылған ел ақшасы халық мүддесіне жұмсалатыны да «Еститін мемлекет» жобасының маңызды бағыттарының бірі. Себебі Әділетті Қазақстанды тек адал азаматтар ғана құрады. 

Бұдан бөлек, мәжіліс депутаттары мен партия өкілдері халықпен тығыз қарым-қатынас орната білді. Қазіргі таңда әр бір шенеунік пен халық қалаулысы әлеуметтік желіде отырады. Олар атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен нәтижесімен Instagram желісіндегі парақшаларында белсенді бөлісіп келеді. 

«Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз көбейіп келеді, олар өз құқықтары мен еркіндіктерін жақсы біледі. Демократиялық қоғамда әр адам өз ойын ашық білдіруге құқылы. Әлеуметтік желіде де түрлі диалог алаңдары қалыптасып, пікір алмасу белсенді жүріп жатыр. Одан бөлек Ұлттық құрылтайдың маңыздылығы да ерекше. Бұл жиындар біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Ел мәселелері осындай басқосуларда шешіліп келген. Қазір қайта жанданғаны қуантады. Қоғам белсенділері, саясаттанушылар, ұлт жанашырлары халық атынан сөйлеп, ұсыныстар айтып, түрлі саладағы мәселелерді шешуге ат салысады. Бұл барлық саланы қамтитын диалог алаңы. Аталмыш жиындар азаматтық қоғамның қалыптасуына серпін беретіні сөзсіз», - деді саясаттанушы Талғат Жанысбай.

Нартай Аралбайұлы, Ерлан Саиров, Ринат Заитов, Дәулет Мұқаев, Жарқынбек Амантайұлы сынды халық жанашырлары қоғам мен билік арасындағы көпір іспеттес. Халықты толғандыратын сұрақтар дәл осындай белсенді саяси азаматтардың дауысымен Үкіметтің құлағына жетіп отыр. Мысалы ұлттық спортқа қатысты жаңа қабылданған сүйінші жаңалық осындай ел азаматтарының қатысуымен шешіліп отырған дүние. Енді шетелден келген спортшыларға ел бюджетінен бір тиын бөлінбейді. Елдің ақшасы бұқаралық спортты дамытуға, жастар мен балаларға арналған спорттық нысандарды қаржыландыруға, олимпиада мен спортың басым түріне қатысатын өзіміздің азаматтарымызға бағытталады. Бұл мәселені Президент өзі көтерген. Халық та қолдаған еді. Енді міне қоғам мен биліктің ойы бір арнада түйісіп, ортақ шешім шықты. 

"Еститін үкімет" тұжырымдамасы елімізде қалай қалыптасып жатыр деген біздің сұрағымызға мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы жауап берді. Халық қалаулысының ойынша, елімізде естуші үкімет қалыптасып жатыр.

"Президенттің тапсырмасы ақырындап орындалып келеді. Ал толыққанды қалыптастыру үшін осы тұжырымдаманың концепциясына сай, соған лайықты, терең түсінетін, жұртшылыққа түсіндіріп, жылдам әрекет ете алатын мамандарды дайындауымыз керек. Мемлекеттік қызметтегі азаматтардың санасына осы түсінік сіңу керек деген ойдамын. Салыстырмалы түрде қарасақ, былтырғы жылға қарағанда, биыл естуші мемлекеттің дамып, жетіліп жатқаны қуантады. Яғни, келер жылдары бұл істе алға жылжитынымыз анық. Еститін мемлекет ең алдымен құқық қорғау саласынан бастау алады. Себебі халықтың сұрақтары мен шағымдары депутаттарға, сондай-ақ құқық қорғау саласына келіп түседі. Сондықтан құқықтық шешімін табуға тиісті мәселелер жедел шешімін табуы керек деп ойлаймын. Президенттің тапсырмасы да осы - кез-келген деңгейдегі мемлекеттік қызметкер өз біліктілігі мен шеберлігі шеңберінде жергілікті жерде шешім қабылдай алатын жағдайға жетуі маңызды. Сонда осындай тәуекелшіл азаматтардың қалыптасуынан еліміз дамиды, еститін мемлекет қалыптасады", - деп жауап берді Жарқынбек Амантайұлы.

Біздің Конституциямыздың 33-бабында: «Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет ісін басқаруға тікелей және өз өкілдері арқылы қатысуға, жеке өтініш жасауға, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштерді мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жіберуге құқығы бар» деп көрсетілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі бастамасының бірі – халық пен билік арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ету. Президент тапсырмаларының іс жүзінде шынайы орындалуы еліміздің жандануына, орын алған олқылықтарды жеңуге, жаңаша дамуға жол ашатыны сөзсіз.