Қырғызстан президенті Садыр Жапаров дін мәселелерін реттейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды.
"Бүгін мен дін туралы Заңға қол қойдым. Дінге терең берілген азаматтарымыз маған қарсылық білдіріп, заңнан бас тартуды өтінді. Керісінше, заңға қол қойып, күшіне енуді талап еткен зайырлы көзқарасы бар азаматтар да бар. Елімізде қатаң дін нормаларын ұстанатындармен қатар зайырлы көзқарасты азаматтардың да саны көп екенін ұмытпаған жөн. Олар бейтаныс адамдардың пәтерлер мен үйлерді аралап, есіктерін қағуына қарсы. Себебі олардың кім екені, қандай ұйымды немесе бағытты насихаттайтынын білмейді. Мәселе мынада, кейбір жосықсыз ұйымдар азаматтарымызды дұрыс емес ағымдарға жасырын түрде тарту үшін үйлерді аралап жүруді әдетке айналдырған. Бұл біздің болашағымызға қауіп төндіретін өте қауіпті үрдіс. Біз қазірдің өзінде Сирия және басқа да мұсылман елдерінде мұсылмандардың бір-бірімен күресіп жатқанын көріп отырмыз: "менің ұйымым дұрыс, ал сенің ағымың дұрыс емес". Осы ықпал үшін күресте миллиондаған мұсылмандардың қаны төгілуде. Мұндай топтардың жақтастары көбейген кезде қақтығыстар мен ықпал ету үшін күрес басталады. Сондықтан біз, Қырғызстан халқы, біздің жалғыз дәстүрлі дінімізде өмір сүруіміз керек. Мүфтият және діни ғалымдар, бұл мәселені ретке келтіруге ат салысуы керек", - деп жазды ол.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, қазір қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелерде "азаматтың жеке басын анықтауға" мүмкіндік бермейтін киім киюге болмайды. Ерекшелік тек еңбек және қызметке байланысты арнайы киім үшін болады. Заңды бұзғандарға 20 мың сом айыппұл салынады (бұл шамамен 120 мың теңге).
Жаңа ережелер сонымен қатар қарттар мен мүгедектер үйлерінде, түрмелерде, әскери бөлімдерде діни рәсімдерді өткізуге тыйым салады.
Сонымен қатар, заң діни әрекеттерді "мәжбүрлегені" және діни әдебиеттерді таратқаны үшін жазаны қарастырады.