Көгілдір отыны жоқ ауылда жалғыз үй биогаз өндіріп, рахатын көріп отыр

Шлікті ауылының тұрғындары Дәулетхан Шойтанов пен Құттыбай Ибрагимов мал тезегінен биогаз аламыз дегенде бұларды келемеждегендер де кездескен. Енді қазір көгілдір отыны жоқ ауылда биогазбен тамақ-шайын әзірлеп отырған жалғыз үйге қызығатындар көп. Бір қарағанда метан газын өндіру әрбір адамның қолынан келетін іс секілді. Ауыз-мұрны мықтап бітелген кәдімгі үлкен темір ыдыс пен газ қысымын өлшейтін монометр болса жетіп жатыр. Бірақ шеберлер осыған 2 жыл уақыттарын сарп еткен.

Дәулетхан Шойтанов, Шілікті ауылының тұрғыны:

- Интернеттен қарап, газет-журналдардан оқып, іздестіріп, екі жылдай уақытым кетті. Екі жылдан бері айналысып, нәтижесінде қол жеткіздім газ алуға. Шай-тамақты әзірлеп отырмыз метан газымен. Тегін газ былай қарағанда ыңғайлы.

Биогаз өндіретін құрылғыға кем дегенде қалыңдығы 4 миллиметрлік темір ыдыс қажет. Неғұрлым ыдыс үлкен болған сайын бөлінетін газ да молаяды. Сосын тезек батып тұратындай етіп су құйылады. Арнайы қалақша арқылы қозғап ашып тұрған тезекті аударыстырып ақыры газ жиналады. Негізінен түйенің, жылқының тезектерінен газ тез бөлінеді екен.

Биологиялық газ алу үшін мал қиынан өзге шіритін заттардың барлығын пайдалануға болады. Бұл бір жағынан қоқыс қалдықтарынан арылтуға тиімді. Қыс бойы үйді жылыту үшін мынандай бөшкенің жартысын тезекпен толтырса жетіп жатыр. Ал жиналған газдың қысымы арнайы құрылғымен өлшеніп отырады.  

Қазір Шіліктінің қос ісмеріне қолқа салып келушілер көбейген. Ауыл әкімі де қызығып жүргенін жасырмайды. Тіпті, бір үй ғана емес бүкіл ауыл биогазды пайдаланса екен деп арнайы резервуар тауып қойыпты.


Құрышбек Қазыбеков, Қішіқұм ауылдық аймағының әкімі:

- Жасыратыны жоқ,  басында өзім де немқұрайлы қарап едім. Бірақ бұл іске қосылып, бұны пайдаланып отырғанын кейін қызығушылық пайда болды менде. Енді Дәулетханға айтып отырмын,  бұны жалғыз сен пайдаланба, жұрттың бәрі резервуар толтырып , жеке-жеке істей алмайды. Сондықтан бүкіл ауылды газбен қамьтамамыз ететіндей жағдай істейік.

Қазір Шілікті тұрғындары жабылып жобалаушы іздеуге кіріскен. Ауылды жаппай газбен қамту үшін министрліктен бастап түрлі құзырлы органдарға хат жолдапты. Тек әзірге оларды қолдап жауап берген ешкім жоқ.