Көк-Жайлау курорты 2028 жылы ашылады: Жоба аясында қандай уәделер айтылуда?

Көкжайлауда Almaty SuperSki тау курортын 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы өткен демалыс күндері Көкжайлауда өткен брифингте Kazakh Tourism Development басшысы Ержан Еркінбаев мәлімдеді. Кездесуде жобаға қатысты бірқатар жаңа мәлімет айтылды. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жобаны қолдаушылардың уәжін саралайды. 

Жоба аясында қандай уәделер берілуде?

Мұнда 60 шақырым тау-шаңғы трассасын салу жоспарланған. Оның басым бөлігі балалар мен шаңғы тебуді енді бастап жүргендерге арналған болады. Курорттың тәулігіне 10 мыңға дейін шаңғышыны қабылдай алатын инфрақұрылымы қарастырылған. Сондай-ақ әзірлеушілер қар көшкінінен қорғау үшін арнайы инженерлік шешімдер қолданылатынын айтады. 

Жоба бойынша Көкжайлау тек қысқы демалыс орны ретінде қарастырылмайды. Мұнда метеостанция, биоалуантүрлілік музейі және зертхана ашу жоспарланған. Жобаға Зоология институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Топырақтану және агрохимия институты, Гляциология институты, «Қазгидрогеология» және Археология институты тартылмақ.

Әзірлеушілердің айтуынша, жоба кезең-кезеңімен іске асырылады және әр кезеңде табиғатқа түсетін жүктеме ескеріліп, экологиялық мониторинг жүргізіледі. Көкжайлау аумағы Іле-Алатауы ұлттық паркінің құрамында қала береді. Жеке коттедждер мен виллалар салу қарастырылмағаны да айтылып отыр. 

Құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Өткен демалыста  Көкжайлауға барып, өз көзімізбен көріп қайттық. Казачка жағынан бастап «Үш ағайынды» тауына дейін ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Жолдың бойы түгелдей қазылған. Белгілі болғандай, бұл жобаның алғашқы дайындық кезеңі.

Осындай көріністі Бутаков шатқалынан да байқадық.

Яғни Көкжайлаудағы құрылыс жұмыстары қазір тек жобалық сызбалар мен презентациялар деңгейінде емес. Ауыр техника жұмыс істеп, тау бөктерінде нақты құрылыс жүріп жатыр.

Жобаға қатысты экономист не дейді?

Көкжайлау жобасын қолдайтындардың бірі экономист Айбар Олжаев. Ол өз парақшасында курорттың 2028 жылы қандай болуы мүмкін екенін айтып, жобаны қолдайтын бірнеше аргумент келтірді.

Оның пікірінше, жоба қағаздағы әдемі суретпен ғана шектелмейді. Жобаның ең маңызды тұстарының бірі — тауды тек кәсіби шаңғышылардың немесе мүмкіндігі бар адамдардың кеңістігіне айналдырмай, оны барша азамат үшін қолжетімді ету. Брифингте Kazakh Tourism Development басшысы Ержан Еркінбаев та жобаның басты мақсаттарының бірі тауға әрбір азаматтың еркін көтерілуіне мүмкіндік жасау екенін айтты.

Бұл ретте ата-аналар балаларымен, қарт адамдар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар да Көкжайлауға көтеріле алуы тиіс. Жобада табалдырықсыз отырғызу, кең кабиналар, балалар мен мүгедектер арбаларына ыңғайлы кіру сияқты шешімдер қарастырылған.

Экономист тағы бір маңызды бағыт ретінде курорттың ғылыми функциясын атап өтеді. Оның пікірінше, Көкжайлау тек демалыс орны емес, табиғатты зерттейтін үлкен ғылыми алаңға айналуы керек. Мұнда метеостанция, биоалуантүрлілік музейі мен зертхана ашу жоспарланған.

Жобаға табиғатты зерттейтін бірнеше ғылыми ұйымның тартылуы да осы мақсатқа бағытталған. Оның ішінде Зоология институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Топырақтану және агрохимия институты, Гляциология институты, «Қазгидрогеология» және Археология институты бар.

«Осы өте дұрыс бағыт. Өйткені тауда құрылыс салу ғана емес, таудың ертеңгі жағдайын өлшеп, бақылап, ғылыми дерекпен басқару маңызды».

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, әр кезеңде табиғатқа түсетін жүктеме ескеріліп, экологиялық мониторинг нәтижесіне қарай шешім қабылданады. Сонымен қатар Көкжайлау аумағы ұлттық парк құрамында қалады, ал жеке коттедждер мен виллалар салу жоспарланбаған.

Экономист Көкжайлау төңірегіндегі даудың көп болғанын да түсінуге болатынын айтады. 

«Бұл түсінікті. Алматы үшін тау жай ғана жер телімі емес. Ол қаланың мінезі, ауасы, суы, тарихы. Сондықтан жаңа Көкжайлаудың өлшемі тек қанша турист келгенімен немесе қанша шақырым трасса салынғанымен анықталмауы тиіс. Нағыз нәтиже тауды адамдарға жақындата отырып, табиғатты бұрынғыдан да жақсы сақтай алуымызда». 

Осылайша жоба жақтастарының көзқарасы бойынша, 2028 жылы Көкжайлау әлемдік деңгейдегі тау курортына айналып, онда қолжетімділік, ғылым және табиғатқа жауапкершілік қатар жүруі тиіс.