26 мамыр күні таңертең Алматыдағы оқушылар сарайында Көкжайлау тау шатқалына шаңғы курортын салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдау басталды. Залдағы орындар жанашыр адамға толы, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.
Айта кетейік, аталмыш жоба төңірегіндегі пікірталастар көп жылдан бері жалғасып келеді. Сарапшылар мен экологтар табиғи экожүйеге келетін қауіптерді алға тартып, бастамаға бірнеше рет қарсы шыққан. Тұрғындар да өз наразылығын білдіріп, петицияға қол қойған.
2019 жылы жобаға Мемлекет басшысының өзі араласып, оның жүзеге асырылуы тоқтатылған еді. Алайда арада уақыт өткен соң курорт салу мәселесі қайта көтерілді.
Kazakh Tourism Development Ltd компаниясының бас директоры тау кластерін дамыту өңірдегі туристік бәсекенің күшеюіне берілген жауап екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қырғызстан, Грузия және Арменияда тау-шаңғы туризмінің қарқынды дамуы Қазақстанды да осындай жобаларды қолға алуға итермелеп отыр. Сонымен бірге ол Көк-Жайлау аумағы курорт салуға бұдан елу жыл бұрын таңдалғанын айтты.
Оның сөзінше, көпжылдық зерттеулер Көк-Жайлаудың табиғи, климаттық және географиялық ерекшеліктері жағынан ең қолайлы орын екенін көрсеткен.
Компания өкілі курорттың 1002 гектар аумағы тек ауқатты адамдарға емес, барлық тұрғынға қолжетімді болады деп сендірді. Айтуынша, жоба тауды тек кәсіби спортшылардың емес, егде жастағы адамдардың, балалы отбасылардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың да қауіпсіз демалыс орнына айналдыруы тиіс. Сонымен қатар ол тауға күн сайын мыңдаған адамның шығатынын айтып, инфрақұрылымның дамуы жарақаттар мен құтқарушылар шақыртуын азайтуға көмектеседі деді.
Спикер Көк-Жайлауда жеке коттедждер салынбайтынын ерекше атап өтті.
Кейінірек бизнес қауымдастығымен арнайы кездесу өткендігі айтылды. Төрт сағатқа созылған талқылаудан кейін қатысушылар курорттар салу Қазақстанның сервистік экономикасын дамытуға мүмкіндік береді деген қорытындыға келген.
Жоба авторларының пікірінше, жаңа курорт көптеген жұмыс орнын ашып, Алматыны тек қыс мезгілінде емес, жыл бойы турист тартатын қалаға айналдыруы керек.
Іле-Алатауы ұлттық паркінің бас директоры соңғы жылдары туристер саны күрт өскенін айтты. Оның мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы бес айында паркке шамамен 450 мың адам келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш.
Satbayev University проректоры өз баяндамасында аумақтағы флора мен фаунаны, соның ішінде Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктерді қорғау шаралары қарастырылғанын айтты.
Ұсынылған шаралардың бірі — туристердің арнайы белгіленген соқпақтардан тыс жерлерге шығуына шектеу қою.
Зерттеу барысында парк аумағынан 21 археологиялық ескерткіш анықталған. Олардың бір бөлігі құрылыс жоспарланған аймақтарда орналасқан.
Жоба бойынша тау аумағына қалалық кәріз жүйесі тартылады. Яғни ағынды сулар ұлттық парк ішіндегі өзен-көлдерге жіберілмейді. Барлық тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылмақ.
Спикерлердің айтуынша, Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді сақтау бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс аймағындағы өміршең өсімдіктер қауіпсіз жерлерге көшіріледі деп жоспарланған.
Сондай-ақ баяндамашылардың бірі Көк-Жайлауды мүлде өзгеріссіз сақтау үшін ол жерге адамдарды толық кіргізбеу қажет болар еді, бірақ «бәрін сол күйінде қалдыру мүмкін емес» екенін айтты. Оның пікірінше, аумақты дамыту қажет.
Құрылыс кезінде ғалымдар шаң-тозаңды азайту, шуды бақылау және көліктердің бос жүрісте ұзақ тұрмауын қадағалау сияқты бірқатар талап ұсынған. Бірақ бұл талаптардың іс жүзінде қалай бақыланатыны нақты түсіндірілмеді.
Келесі спикер де ұлттық парк аумағында тұрғын үйлер салуға тыйым салынғанын айтты. Алайда «егер мұндай жағдайлар орын алса, қоғаммен бірге оның алдын алуға болады» деп мәлімдеді.
Сонымен қатар ол Almaty Superski жобасы ауқатты туристерді тарту үшін «Куршевельден де қымбат болуы керек» деген пікір білдірді. Оның сөзінше, осы жобадан түсетін табыс есебінен қазақстандық балаларды шаңғы тебуге үйретуге болады. Ал қазақстандық туристер үшін бағалар арзанырақ болады делінді. Бірақ нақты қаншалықты қолжетімді болатыны түсіндірілмеді.
Кейін ол көтергіштер мен көлік жүйесі алматылықтарға Көк-Жайлауға еркін барып, таза ауада демалып, отбасымен уақыт өткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше, бұл балалардың «барларда отырмай», табиғат аясында демалуына жағдай жасайды.