Көкпекті аулының тұрғындары уәдесінде тұрмаған министр Божкоға ренжулі

Бұл осыдан 3 ай бұрын Көкпекті ауылындағы 300-ге жуық үйді шайып кеткен тоғанның қазіргі кейпі. Тартылып қалған. Ал наурызда мұнда мынадай апат болып еді. Селден тіпті үйлерді ортасынан бөліп те тастаған жайы бар. Мыңдап қырылған мал мен мүлік шығынын айтпағанда, 5 тұрғын қаза тапты.

- Әлі қорқып жүрміз. Тасқын су түнгі 2-де басып қалған. Сұмдық болды.

Қазір ауыл қайта қалыпқа келтірілгендей болып жатыр. Шамасы жеткені өз күшімен әрекет етуде. Жағдайы жоқтар берілер көмектің келуін әлі күтіп отыр. Жұрт бастарына төнген қайғыға, әрине, Төтенше жағдайлар министрлігін айыпты деп есептейді. Тоған біткеннің барлығын жеке қолға өткізіліп, тасқынға әдеттегідей дайын болмады деп. Оның үстіне ауыл іргесіне судың жеткенін елге дұрыс ескертпеген.

Виктор Прягин, Көкпекті ауылының тұрғыны:

-Үйде теледидар көріп отырғанбыз. Ешқандай ескерту болмады. Содан шу шыққан соң далаға қарасам, адамдар толып кетіпті. Сөйтіп елмен бірге ілесіп, мектепке бардық. Бөгет жарылайын деп тұрғанын көрсе, неге ең болмағанда бір күн бұрын ескертпеді, соны түсінбеймін.

Ал Владимир Божко «бұл жолы да әдеттегідей немқұрайдылық танытты, өздері сақ отырмады» деп көптің өзін кінәлады.

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

-Біз азаматтардың барлығын қорғай алмаймыз. Ақиқатын айтайын. Елдің барлығына ескертілген. Жоғарғы жақтағы су қоймасынан кеткен су келіп, мына дамбаны жарды деу бос әңгіме.

Министр себеп ауа райында дегенімен, тергеу барысында бұл апатқа адами фактордың түркі болғаны әшкерленді. Десе де Төтенше жағдайлар қызметінің жауапсыздығы мұнымен ғана шектелмейтіні анық. Мәселен, Бас құтқарушы Атырауда 13 вагон релъстен шығып, 500-ге жуық адам зардап шеккенде де, көптің көңілін сұраудыда жөн санамады.


Зина Гасанова, зардап шегуші:

- Зардап шеккендер өте көп болды. Оларға ешкім көмектескен жоқ.Менің бұл сөзім Божконың құлағына жетсе екен. Ол президентке барып кез-келген төтенше жағдайға 100 пайыз дайынбыз деп есеп береді. Бірақ шынайы жағдайды біз білеміз. Бәрін айтамыз. Су түгілі дым берген жоқ. Жұрт күннің көзіне қақталып шөп үстінде отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі осылай жұмыс істейді. Божкоға сәлем жолдаймыз.

Ал Байқоңырда протон құлап, елді гептил улағанда министр жеке басының тыныштығы әлдеқайда маңыздырақ санайтынын ашық білдірді.

- Еңбек демалысына шықпайынша Байқоңырға бара алам ба, жоқ па білмеймін.

Бұл елдегі төтенше жағдайға жауапты Божко мырзаның министр орнына отырған 7 жыл ішінде әлі де болсын дайындыққа машықтанып үйренбегенін анық аңғартса керек. Бас құтқарушы барлығына табиғатты кінәлап шығатын әдет тапқан қашаннан.