Көкшетау әуежайының жұмысы уақытша тоқтатылды


Оған себеп – орталықтың авиациялық қауіпсіздік шарттарына толық жауап бере алмауы. Нақтырақ айтсақ, ұшып-қону алаңын жарықтандыру, дабыл қоңырауы, қажетті заманауи байланыс құралдарының жоқтығы сынды кем-кетіктер. «Көкшетау» әуекомпаниясының өкілдері бұл олқылықтарды қазір жөнге келтіріп жатырмыз дейді. Бірақ қаржы тапшылығы мәселені түбегейлі шешуге қолбайлау болып отырған тәрізді. Себебі жолаушылар аз. Мәселен, өткен жылы Көкшетау әуежайының қызметін 17 мың адам ғана пайдаланды. Ерлан Тұрысбеков, «Көкшетау» әуекомпаниясының директоры: - Әуежайды айнала жарықтандыру үшін 14 шақырым аумаққа бағаналар орнатып, жарық жеткізуіміз керек. Бұған 281 млн теңге қаржы қажет. Ал біздің бюджет 200 млн теңгеден аспайды. Одан қалды 30 млн теңгеге бейнекамералар орнатуымыз керек екен. Мұның барлығы қаржыға келіп тіреледі. Бізден небәрі 4-ақ рейс ұшады. Ал әуежай өз-өзін толық қамтамасыз ету үшін жылына жолаушылар ағыны кемінде 300 мың адамға жетуі тиіс.