Тәуелсіздікпен құрдас кәсіпорын 23 жылдан бері бәсекелестіктің бел ортасында келеді. Сан мен сапаны қатар үйлестірген минералды су зауыты Ресейдің 5 облысына отандық өнім шығарады. Енді Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігін отандық өніммен қамтуға құлшыныс танытып отыр. Отандық өнімнің көш басынан Көкшетаудың табиғи суы түскен емес. Осыдан 3 жыл бұрын Омбы қаласында алғашқы өкілдігі құрылған. Ал қазір Нижний Новгород, Санкт-Петербор, Нижневартовск қалаларында қазақстандық сусындар самсап тұр. Бірте-бірте тауар түрлері көбейіп, сумен қатар тәтті сусындар, газдалған алкогольсіз ішімдіктер, салқын шай Ресей нарығын жаулап алды.
«Кедендік одақ мемлекеттері арасында қазақстандық өнімнің бәсекелестігін арттыру үшін алдымен тұтынушылардың жүрегін жаулай білу керек. Өнімнің сапалылығы мен әртүрлілігі экспорттың сұранысын арттырады. Биыл Көкшетау минералды су зауытына 23 жыл толды. Үнемі жаңғыру, жаңалану үстінде. Таза табиғи судың сапасын жоғалтпау үшін жер қойнауы да жіті зерттеліп, жаңа шикізат қорлары ашылуда. Болашақта Көкшетаудың суын космос станцияларында қолдану жоспары бар», - дейді кәсіпорын президенті Александр Самойлов.
Кәсіпорынның ғылым жөніндегі вице-президенті Евгений Пятовтың айтуына қарағанда, кәсіпорын 1991 жылдан бастап көптеген зерттеу институттарымен бірлесіп жұмыс істейді. Табиғи судың сапасын ұстап тұру үшін Германияның Фрезениуса, Украинаның Одесса және Ресейдің курортологтарымен ғылыми зерттеу бағытанда ақылдасып отыратын көрінеді.
«Мен жұмыс істеген 4 жылдың ішінде зауыт бірнеше рет жаңғыртудан өтті. Соған сай мұндағы мамандарды да Алматыға арнайы жіберіп, жаңа технологияларды үйретті. Сондай-ақ бізде біліктілікті арттыру үшін арнайы емтихан қабылданады. Жұмыс қабілетіне қарай жалақы да өсіп отырады. Мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын биыл тағы бір жаңа желіні іске қосты. Бұл жерде тек экспортқа шығатын алкогольсіз суысындар даярланады», - дейді зауыт операторы Ардақ Ғазизов.