Көкшетау өңірінде қазақтың біртуар ұлы С.Нұрмағамбетовтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтілді

 Қаланың орталық алаңында өткен шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов,  Қарулы Күштер ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары  Марат Нағұманов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабындағы  ұйымдастыру-жедел іс-әрекет ету департаменті басшысының орынбасары, полковник Амантай Өсербаев, Ақмола гарнизонының әскери прокуроры  Данияр Жұмаділов, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептің бас директоры  Владимир Шацков және аудандағы соғыс және еңбек ардагерлері, «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.

 Аты аңызға айналған тұлғаны еске алуға арналған бұл жиын барысында сөз алған Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары  Нариман Әбдірахманов  жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде аса зор мағынасы бар батырдың өнегелі өмір жолына тоқталып өтті. Ал, генерал-лейтенант Абай Тасболатов Сағадат Нұрмағамбетов жайлы өз естеліктерімен бөлісті.  Мәжіліс депутатының айтуынша, қазақстандық армияның негізін қалаған бірегей тұлға әскери сала мамандарының жан-жақты даярлығына көп көңіл бөліп,  жұртты ешкімді де ұлтына қарай бөлмеуге, әрі ешкімді де, еш нәрсені де ұмыт қалдырмауға шақырған. Тек достық қана кез келген табыстың бастауы деп санаған генерал Ұлы Отан соғысындағы жеңіс бұған айқын дәлел екендігін ұдайы еске салып отырыпты.

 Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкееваның баяндамасынан соң қорғаныс саласының үздіктеріне батырдың құрметіне арнайы жасалған мерейтойлық медальдар табыс етілді.  Олардың қатарында облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Жанат Ережепов, Қарулы Күштер ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Мұса Елеусізов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабындағы  ұйымдастыру-жедел іс-әрекет ету департаменті басшысының орынбасары, полковник Амантай Өсербаев, Ақкөл аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Келден Нұрмағамбетов, Ұлы Отан соғысының ардагерлері - Махмет Ахметжанов, Савелий Берзан, Николай Волчихин, Николай Гугучкин, Николай Какуткин, Михаил Костенко,  Иван Носик,  Федор Трубицын, Федор Дорохов, Урюпинка ауылындағы Ерлік музейі кеңесінің төрағасы Станислав Трешневский, Ақкөл аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрайымы  Айжан Мананбаева,  аудандық соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жөніндегі жинақтарды шығару бойынша редакторлар алқасының мүшесі Раиса Шипилова, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мұражайдың негізін қалаушылардың бірі  Тоты Әлжанова,  Еңбек ауылдық округінің әкімі  Галина Русакова, №1 Ақкөл орта мектебінің директоры Қамар Нұрсадықова мен интернационалист жауынгер Аманжол Дүйсекеновтер бар.

 Жиналғандар халқымыздың  даңқты перзенті Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов пен басқа да ақмолалық Отан қорғаушылардың рухына арнап Ерлік мемориалына гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін батыр атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері  мен аудан өнерпаздары қатысқан мерекелік концерт көпшілік назарына ұсынылды.  Келген қонақтар армия генералының музейін де тамашалады.